ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алакөлге қонақүйлердің бірінен лай су ағызу дерегіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы министр Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Министрлік мамандарынан құралған комиссия Алакөлде қонақ үйлердің бірі бассейннен көлге су ағызғанын анықтады. Бұл мүлдем орынсыз жағдай деп санаймын. Оқиға егжей-тегжейлі зерттеліп, кінәлілер жазаланатын болады. Толық ақпарат жарияланады» делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желі пайдаланушылары Алакөлге құбыр арқылы лай су ағызылып жатқанын айтып дабыл қаққан болатын.
Бейнежазбағы мәліметке сәйкес, көлге төгіліп жатқан судың жағымсыз иісі бар.
Артынша Алакөл ауданының әкімдігі бұл мәселеге орай арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.