22 қыр, 2017 сағат 12:54

Ким Чен Ын: "Трамп қоқан-лоқысы үшін сазайын тартады"

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын АҚШ президенті Дональд Трампты "есі ауысқан" деп атап, ол "Солтүстік Кореяны жойып жіберемін" деген қоқан-лоқысы үшін "сазайын тартатынын" мәлімдеді, деп жазады Азаттық.

Ким Чен Ын бұл мәлімдемесін 22 қыркүйек күні АҚШ-тың Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкция салғанына және Трамптың 19 қыркүйек күні БҰҰ Бас ассамблеясында өз еліне қатысты айтқан қатаң сөздеріне жауап ретінде жасады.

Трамп 21 қыркүйекте Солтүстік Солтүстік Кореяның текстиль өнеркәсібі, балық аулау, ақпараттық технологиялар және өңдеу өнеркәсібіне жаңа санкция салатын жарлық шығарған. Бұдан өзге, жарлық АҚШ қаржы министрлігіне Солтүстік Кореямен жұмыс істескен кез-келген банкке қарсы санкция салуға құқық береді.

Трамп Солтүстік Корея режимін қаржылай қолдауға төзуге болмайтынын айтқан. Оның сөзінше, жаңа санкциялар Пхеньянның ядролық қару бағдарламасын қаржыландыру көздерін жабады.

Ким Чен Ын билікке келгелі Солтүстік Корея АҚШ территориясына жететін құрлықаралық баллистикалық жасау және ядролық қару жасау бағдарламаларын дамытуға күш салып, бірнеше рет зымыран сынаған.

Ким Чен Ын 22 қыркүйекте Трамп "әлем алдында сөйлегенде кім туралы айтып тұрғанына мұқият болуы тиіс және әр сөзді мұқият айту қабілетін шыңдауы қажет" деді.

Дональд Трамп 19 қыркүйекте БҰҰ-ны Пхеньяннан төнген қауіпке қарсы тұруға шақырып, Ким Чен Ынды "өз-өзіне қол жұмсау жолына түскен зымыран адам" деп атаған.