11 қаң, 2021 сағат 08:53

Ким Чен Ын Кореяның Еңбек партиясының бас хатшысы болып тағайындалды

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын елдегі Еңбек партиясының бас хатшысы болып тағайындалды. Бұл туралы Солтүстік Кореяның ресми орталық телеграф агенттігі хабарлады. Бұған дейін Ким Чен Ын партия төрағасы қызметін атқарған.

Оңтүстік кореялық "Рёнхап" агенттігінің дереккөздерінің мәліметінше, жексенбі кешкісін Пхеньян қаласында әскери парад өткен. Журналистер бұл шараны Еңбек партиясының съезімен байланыстырады.

Ким Чен Ынның әкесі Ким Чен Ир мен атасы Ким Ир Сен көзі тірісінде Еңбек партиясының бас хатшысы болған.

Ким Чен Ир 2011 жылы қайтыс болған соң оның ұлы партияның Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған. 2016 жылы секретариат таратылып, Ким Чен Ын партиясының саяси кеңесінің жетекшісі болған. Енді кеңес қайтадан секретариатқа айналып, Ким Чен Ын қайта бас хатшылыққа оралды.

Ол – бұған қоса елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы және корей халық әскерінің маршалы.