Киевтегі Қазақстан елшілігі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Дипломаттарымыз да қызметін жалғастыра береді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады, деп жазады "Ұлт ақпарат".
«Украинадағы қазақстандықтардың назарына құлаққағыс. Ондағы азаматтар біздің елшілікке хабарласып, орналасқан жері мен өздеріне қатысты мәлімет ұсынуы қажет және мүмкіндік болса, Киев және Львов қаласына өз бетімен баруларын сұраймыз. Әрине, елдегі әскери әрекеттерге байланысты жету қиындық тудыруы мүмкін. Ондай жағдайда қазақстандықтар орнында қалғаны дұрыс. Елшілік жанынан «жедел желі» ашылды, сонда хабарласып, жағдайды біле алады», - Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, азаматтарды елге қайтару үшін барлық жағдай жасалмақ.
«Киевтегі елшілік штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Елшілікте 8 адам қызмет атқарады. Кеше түнде елшілік ғимаратында 26 адам болды. Оның сегізі - елшілік қызметкері, он сегізі - ҚР азаматы, алтауы - бала», - дейді ол.
Ол сондай-ақ Украинадағы қазақстандық дипломаттарды эвакуациялау мәселесін көтерді.
"Дипломаттарды эвакуациялау мәселесі алғашқы күннен бастап қойылып келеді. Олар бірінші болып эвакуацияланатын болса, басқа азаматтарды қалай құтқарамыз? Естеріңізде болса, Кабулда да солай болды. Яғни дипломаттарымыз соңына дейін жұмыс істеп, азаматтарымызға барынша көмек көрсетеді, содан кейін оларды эвакуациялау мәселесі туындайды", - деді Смадияров.