30 қаз, 2020 сағат 15:46

Киев Украина шығысында екі сарбаздың мерт болғанын хабарлады

Донбастың қақтығыс аумағында Украинаның екі сарбазы қаза тапты. Киев атысты тоқтату режимінің бұзылуына байланысты үш тарап өкілінің шұғыл отырысын өткізу туралы бастама көтерді. Соңғы рет атысты тоқтату туралы келісім 27 шілдеде жасалған.

Украина тарабы ресейшіл сепаратистер қақтығыс аумағында келісім шарттарын күн сайын-дерлік бұзады деп отыр. Соңғы тәулікте бес рет режим бұзылған.

Ал өзін республика ретінде жариялаған "Донецк халық республикасы" өздерін украина әскерилерінің атқылағанын айтып отыр. Жақында сепаратистер украиналық әскери дрон лақтырған жарылғыш заттан бір сарбаз қаза тапты деп мәлімдеген.

Киев Мәскеуді Донбаста өзін республика деп жариялаған қауымдастықтардың қарулы сепаратистерін қолдады деп айыптайды. Ресей билігі мұны жоққа шығарады.

БҰҰ мәліметінше, 2014 жылдан бері Украина шығысындағы қақтығыстан 13 мыңнан астам қаза болған.