Киев соты Ресей әскерінің сержанты Вадим Шишимаринді қарусыз адамды қасақана өлтіріп, заң мен соғыс дәстүрін бұзғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Азаттық.
Бұған дейін Украина прокуратурасы да Мәскеу облысының Кантемировск танк дивизиясының 21 жастағы бөлім командирін өмір бойына түрмеге қамауды сұраған.
Тергеу мәліметіне қарағанда, биыл 28 ақпанда Ресей сержанты 62 жастағы бейбіт адам Александр Шелиповты басынан атып өлтірген. Бұл оқиға Сумск облысының Чупаховка кентінде болған.
Соттың соңғы отырысында Шишимарин кінәсін мойындап, жасаған әрекеттерін айтып беруге келіскен.
Азаттық радиосының Украин редакциясының жазуына қарағанда Вадим Шишимарин "қарусыз адамды неге аттың" деген судьялар сұрағына "өлтіргісі келмегенін, өзінен аулақ кетіру үшін ғана атқанын" айтқан. "Прапорщик Макеев атып таста деп бұйрық берді. Мен бас тарттым. Тағы бір әскери қызметкер атып таста деп өктем дауыспен бұйырды, әйтпесе "бізді сатып кетесің" деді. Содан соң аттым", – деп жауап берген.
Өлген адамның сотта сөйлеген жесірі Екатерина Шелипова да кінәлі сержантты өмір бойына бостандығынан айыруды сұраған, бірақ "Азовстальді" қорғаған Украина жауынгерлеріне айырбастасы қарсы болмайтынын" айтқан.
"Сержантқа Украина бекіткен адвокат сөзінше, Ресей шенеуніктері немесе Ресей Қорғаныс министрлігінің ешбір өкілі Шишимаринмен сөйлесуге тырыспаған" дейді Би-би-си.
Вадим Шишимарин ісі – биыл 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі Ресей жауынгерлерінің қылмысына байланысты алғаш болған сот процесі.