Қазақстандықтар гаджеттері мен ұялы байланыс құрылғыларына сертификат орнатуға міндеттеле ме? Бұл сауалға ҚР ҰҚК Ақпараттық қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Ғалымбек Тәтенов жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сіздер оны орнатпауларыңызға да болады. Оны құрылғыларыңызға өз еріктеріңізбен ғана орната аласыздар. Егер сізде нақты бұғаттау жұмыс істегенін, барлық ресурстың ажырап қалмағанын қаласаңыз, қандай да бір құқыққа қайшы келетін емес, қалаған сілтемеге өткіңіз келсе, онда сертификат мұндай жағдайда көмек береді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол кибержаттығу аяқталғанын атап өтті.
«Жаттығу аяқталғанын хабарладық. Қазір кез келген сілтемеге емін-еркін кіре аласыздар. Сағат 9-20-дан бастап жүйені іске қостық. Енді сертификатсыз кіре аласыздар. Мен тек болашақ жайында айтып отырмын. Егер мұндай ахуал туындайтын болса, онда проблемаға тап болмау үшін сертификатты қазір орнатып алған дұрыс», - деді Ғалымбек Тәтенов.