Киберқатерлерге қарсы іс-қимылдар бойынша іс-шараларға 71,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» ҚР заңының жобасын таныстырған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы былтырғы жылдың Жолдауында негізгі мақсаты цифрландыру болып табылатын Үшінші жаңғыру туралы жариялаған болатын. Цифрлық технологияларды қолдана отырып жасалған жаңа индустрияны дамыту қажеттілігін атап өтті. Бұл ретте, ақпараттық қоғам дамуының маңызды шарты киберқауіпсіздік болып табылады. Киберқатерлерге қарсы іс-қимылдар бойынша іс-шараларға 71,3 млрд теңге бөлу ұсынылады», - деді министр.
Оның айтуынша, аталған қаржы, еліміздің цифрлық ақпараттық кеңістігінің мемлекеттік және жеке нысандарына кибер қастандықтар мен ақпараттық шабуылдарды табу, жолын кесу техникалық тексерулер жүргізу жүйелерін дамытуға бағытталады.