ҚР Білім және ғылым министрлігі кибербуллинг пен суицидтің алдын алу жұмыстарын бастады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бала құқықтарын қорғау қашанда Мемлекет басшысының басты назарында. Бұған дейінгі Жолдауда да үлкен маңызды мәселелер көтеріп, шешімін тапқан болатын. Қазір де Президент ерекше көңіл бөліп отыр. Соның ішінде Бала құқықтары туралы конвенцияның 3-ші факультативті хаттамасына қосылу өте маңызды және кибербуллинг пен суицидтің алдын алу бойынша тиісті жұмысты бастап жатырмыз»,- деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, балаларды қосымша біліммен қамту да мемлекет үшін өте маңызды болып отыр. Бұл жұмыстар мемлекеттік тапсырыс берумен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асырылады.
«Оқушыларды бұқаралық спортпен қамту да өте маңызды. Спорт зал салу, лигалар, ұлттық спорт түрлерін дамыту жұмыстарын жүргіземіз», - деді Асхат Аймағамбетов.