ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюросы күдікті Виктор Храпунов пен Лейла Храпунованы, А.К.Ильясовты жауап алуға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомствоның хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюро Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі В.В. Храпунов, оның зайыбы Л.К.Храпунова, А.К.Ильясовты және тағы басқа адамдарға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоғарыда аталған адамдар мен олардың сыбайластарының құқыққа қарсы әрекеттерін растайтын дәлелдерді тапқан.
Жиналған материалдар аталған адамдардың әрекеттерін ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған жетекшілік ету, лауазымды қызметті асыра пайдалану, мемлекеттік мүлік пен бюджет қаражатын алаяқтық арқылы жымқыру, пара алу және оны заңдастыру ретінде айқындауға мүмкіндік берді.
«ҚР Қылмыстық-прецессуалдық кодексінің 208-бабы 1-бөлігіне сәйкес, күдіктілер жауап алуға шақырылады. Алайда В.В. Храпунов, Л.К.Храпунова, А.К.Ильясовтың Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерде болып, яғни жауап беруден жалтаруларына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметы ҚР ҚПК-нің 205-бабы 3-бөлігі бойынша күдіктілерді Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жауап алуға шақыру туралы ақпаратты жариялайды», - делінген хабарламада.
Ведомствоның ресми мәліметіне сәйкес, күдікті ретіндегі В.В. Храпунов, Л.К.Храпунова, А.К.Ильясовты 2017 жылдың 147 қазаны сағат 15:00-ге дейін Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Сейфуллин көшесі 37 мекен-жайындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюроның әкімшілік ғимаратына Тергеу департаментінің жедел-іздестіру тобының жетекшісі Сергей Николаевич Перовке келуі керек.
«Тергеу жұмыстарына қатысу үшін күдікті өзімен бірге қорғаушыны алып келуге немесе органға қылмыстық істі жүргізетін (ҚР ҚПК 68-бабы) қорғаушымен қамтамасыз ету туралы өтініш беруіне болады. Егер күдіктінің немесе оның заңды өкілінің шақыруымен қорғаушы келмесе, орган қылмыстық істі жүргізетін қорғаушыны тауып береді (ҚР ҚПК 67-бабы). Аталған мерзімде келуге бір себеп кедергі болса, сонымен бірге қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы сотқа дейінгі өндірісті жүргізетін прокурорға немесе өзге де тұлғаға өтініш жолдау керек жағдайда күдікті немесе оның заңды өкілі органға міндетті түрде бұл туралы ескертуі керек», - делінген хабарламада.
Құзырлы ведомство ҚР ҚПК 205-бабы 3-бөлігі бойынша Виктор Храпунов пен Лейла Храпунова, сонымен бірге А.К.Ильясовты шақыру туралы мәлімет республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен Швейцариядағы бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланатынын хабарлайды.