Фото: Massaget.kz
Алматыда хостелдегі өрт кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туыстарына 1 млн теңге көлемінде көмек беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаев айтты, - деп хабарлайды Kazinform.
«Қала басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек бөлінеді. Бұған дейін хабарланғандай, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша, әкімдік марқұмдардың денесі туыстары көрсеткен жерге, оның ішінде еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдауға көмектеседі. Одан бөлек, Алматы қаласы аумағында жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толық көмек көрсетіледі», – деді Айдар Жақыбаев.
Ол сондай-ақ қаза тапқан шетелдік азаматтардың отбасыларына да мәйітті жерлеу орнына дейін тасымалдауға жәрдем жасалатынын айтты.
Еске салайық, бүгін Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 қараша күні сағат 05:33-те түскен. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде жеткен.
Сонымен қатар өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жатқызылды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды. Сондай-ақ 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.