18 қаң, 2021 сағат 19:52

Хоккейден әлем чемпионаты Минскіде өтпейтін болды

Шайбалы хоккейден биылғы ерлер арасындағы әлем чемпионаты "қауіпсіздік мәселелері туындағандықтан" Беларусь астанасы Минскіде өтпейтін болды. Бұл шешімді 18 қаңтарда Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) жариялады.

"IIHF кеңесі Беларусьте қазір командалардың, жанкүйерлердің және ресми тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес деп шешті" деп жазылған федерациясының ресми мәлімдемесінде.

Хоккейден әлем чемпионаты 21 мамыр – 6 маусымда Минск пен Латвия астанасы Ригада өтуі тиіс еді. Бірақ IIHF Беларусьте жұрт Александр Лукашенко билігіне наразылығы тоқтамай, полиция бейбіт митингіге шыққандарға күш қолданған соң чемпионатты Минскіде өткізбеу мәселесін қарастыра бастаған.

Бұдан бөлек IIHF Беларусьтің коронавирусты бақылауда ұстау қауқарына да күмән келтірген.

Әлем чемпионаты Латвияда ғана өте ме әлде басқа ел таңдала ма, ол жағы әлі белгісіз. Халықаралық хоккей федерациясы мұны жақын күндері шешпек.

Бұл әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы да қатысуы тиіс. Қазақстан Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия, Италиямен бір топта ойнайды.