08 жел, 2020 сағат 09:54

ХОК Лукашенконы олимпиада ойындарына қатысы бар шаралардан шеттетті

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Александр Лукашенко жетекшілік ететін Беларусь ұлттық олимпиада комитетінің басшылығын олимпиада ойындарына қатысы бар барлық шаралардан шеттетті. Бұған қоса, Беларусь ұлттық олимпиада комитетін қаржыландыруды да тоқтатты. ХОК шешімінде Беларусь билігіне уақытша тыйым салынғаны, жағдайдың өрбуіне қарай шешімнің де өзгеруі мүмкін екені жазылған. 

Осыған дейін ХОК спортшыларды саяси себеппен қудалады деп күдікке ілінген Беларусь билігінің әрекетін зерттей бастаған еді.

Тамыз айында 1,5 мың беларусь спортшысы президент сайлауын қайта өткізуді талап етіп, беларусь билігіне хат жазған. Хат авторлары Лукашенко режиміне қарсы шыққан демонстранттарды қуғындауды да айыптаған. Осыдан кейін спортшылардың кейбірі ұсталып, сотталған. Олардың арасында фристайл бойынша әлем чемпионы атанған Александра Романовская, гимнаст Светлана Куделич, күресші Андрей Кравченко, баскетболшы Елена Левченко бар.

Минск мен Беларусьтің өзге қалаларында 9 тамыздан бері наразылық акциялары өтіп келеді. Орталық сайлау комиссиясы Лукашенконы сайлаудың жеңімпазы деп атағаннан кейін тұрғындар көшеге шығып, президент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен. Бұған қоса, демонстранттарға күш қолдануға да қарсы шыққан. Батыс елдері Лукашенконың жеңісін мойындамайды. Еуроодақ Беларусь шенеуніктеріне санкция салған.

Наразылықты күшпен басу кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адам із-түзсіз жоғалған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, шамамен 30 мың адам қудаланып, қоқан-лоқыға ұшыраған.

Ресей Беларусьтегі сайлау нәтижесін мойындап, жағдай ушықса Лукашенкоға әскери көмек беруге уәде берген.

Азаттық