21 қар, 2016 сағат 13:57

Хиджаб – қазаққа жат құбылыс

Ата-бабамыз ықылым заманнан аңсаған қасиетті Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге ширек ғасыр толды. 25 жыл ішінде ұлт руханиятының негізі болған ата дініміз де жаңғырып, жандана түсті. Дархан көңілді, жайсаң мінезді қазақ талай заманнан бері тағдыр тәлкегіне ұшыраған ұлттарға құшағын айқара ашып, еш жатсынбастан бауырына басты. Нәтижесінде халқының едәуір басым көпшілігі мұсылмандардан құралған көп ұлтты, көп дінді, зайырлы мемлекет –Қазақстан бірлігі мен ынтымағы көпке үлгі болардай бейбіт елге айналды. Десе де, қазақтың өзіне ғана тән баға жетпес ұлттық болмысы өзгелерден дараланып тұратындығы анық. Оның ішінде халқымыздың тарихи дәстүріне сай мәдениеті мен ұлттық киімдерінің болғанын атап айтқан абзал.

Дін – қараңғылықтың құрсауында қалушылық, – деп ұрандаған кешегі кеңестік кезеңінің өзі ұлтымыздың діні мен дәстүріне тісін батыра алған жоқ. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, қоғамнан бөлінбейді. Сондықтан, әлемдік қауымдастыққа танымал зайырлы мемлекет діни сенім бостандығына кепілдік беріп, ел азаматтарының сенімі мен қалауына орай дінді ұстануын қамтамасыз етеді. Қазақстан халқының басым көпшілігі ислам дінін ұстанатындықтан, ханафи мазхабының Матуриди мектебін басшылыққа алатын мүфтият арқылы мешіттер бір орталықтан басқарылып, халықтың рухани сұранысына орай үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп отыр.

Соңғы кездері елдігімізге сына қағып, қазақ қоғамының рухани тірегін әлсірету үшін түрлі діни экстремистік ұйымдардың тарапынан қазақы табиғатымызды, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, қала берді жарасымды сән-салтанатымен бағалы ұлттық киімдерімізді мансұқтайтын сан түрлі идеологиялық шабуылдар жасалуда.

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарға селкеу түсіріп, әу бастағы болмысы мен үкімі бұрмаланып, ішкі мазмұннан гөрі сыртқы пішінге басымдық беретін, сонымен қатар қоғамда үлкен пікір талас тудырып жүрген хижаб мәселесі белең алып отыр. Арамызға дендеп кіріп бара жатқан бұл тенденцияның арғы жағында белгілі бір мүдделі топтардың жымысқы саясаты мен арам пиғылының жатпағанына кім кепіл?..

Иә, мұнда тұрған не бар? Ашық-шашық жүргенше, бұл әлдеқайда жақсырақ, шариғат үкімі,т.с.с. заңды таластар туындауы орынды. Қазақтың ұлт болып ұйысып, мемлекет ретінде қалыптасуына ислам дінінің ықпалы ұшан-теңіз болғаны сөзсіз. Ислам қазақтың ұлттық дүниетанымы, мәдениеті, салт-дәстүрімен астарласып, ажырамас бөлігіне айналды.

Қазір дін мен дәстүр ұғымы, оны ұстанудың аражігі алыстап кеткендей. Қазақы дүниетаным – ислам құндылықтарына ежелден қайшы болмаған. Ендеше, дінді тани бастаған кейбір жастардың дәстүрді мойындамауының салдары қоғамда қарама-қайшы пікірлер туындатып жүргені қазір құпия емес.

Қоғамда мұсылман қыздарының бейнесін бет-аузы тұмшыланған қара киімде, қылығы ерсі, бойында мейірім мен нәзіктіктен гөрі «өзімдікі жөн, өзгең адасқансыңды» аңғартатын керанаулық пен шұбартілді керітартпалық кейіпте көретін күйге жеттік.

Қазақтың дәстүрлі танымында әйел затының, оның ішінде қыз баланың киімі уақытқа, табиғат жағдайына, мекен-мезгілге қарай сан түрленіп, сән-салтанатымен, жарасымдылығымен ерекшеленген.

Қашанда шариғат үкімін бұлжытпай орындап, қыз-келіншектердің етек-жеңін жауып, жас ерекшелігіне, отбасылық ғұрып пен тұрмыстағы дәрежесіне сай киінуіне еш қарсылық танытпаған қазақ, керісінше, шариғат үкімін дәстүрлі құндылықтармен көркем үйлестіре орындаған. Мәселен, талай ақын-жыраулардың шығармаларына арқау болған қазақ қызының «үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» немесе аналарымыздың «ақ жаулығы желбіреп» деген бейнесінің өзі көп сұраққа жауап беретіндей. Қазақтың ұлттық киімі тек сыртқа табиғи әсерлерден қорғану мақсатында ғана емес, жалпы діни дүниетанымға, қазақы ырым-тыйымдарға сай болған.

Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, тарихты оқып-үйрену, әсіресе оған жастарды тарту – аса маңызды. Бірақ мен пәренжі кигенге қарсымын. Әсіресе, хижаб пен пәренжені студенттер мен оқып жүрген жастардың киіп жүргеніне қарсымын. Біздің әйелдер ешқашан оны кимеген, жүздерін жасырмаған. Әрине, біз мұсылман дінінің барлық өкілдеріне құрметпен қараймыз, бірақ біздің өз жолымыз бар, өз ұлттық салт-дәстүрлеріміз бар», – деп Жастар форуымында сөйлеген сөзінде қазаққа тек ата-баба ұстанған діннің жолын жалғастыру қажеттігін меңзеген еді.

Өзгеге өнеге болатындай тағылымға тұнған тарихымыз, ғибратқа толы дәстүріміз, хикметке бай діліміз тұрғанда, санамызды сан тарапқа тартқылаған әртүрлі ағымдардың жетегінде жүргеніміз елдігімізге сын. Ендеше, ғасырлар бойы тамырынан қол үзбей, қызымыздың бойына жарасымды көрік сыйлаған ұлттық киімдерді заман талабы мен уақыт сұранысына сай түрлендіріп кие білейік дегім келеді.

Амантай Раушан,

Қазақстан Республикасы Дін істері және

азаматтық қоғам министрлігі

Дін істері комитеті

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық

орталығының бөлімінің жетекші сарапшысы

Ұлт порталы