Астанадағы "Хайвилл" тұрғын үй кешеніндегі өрттен Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің профессоры қаза тапқан, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ЖОО-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің профессоры Кехинде Илаиджа (Нигерия) мен оның отбасының (әйелі - Фунми Кехинде (Ұлыбритания) және екі қызы Моджойн Кехинде (18 жас) мен Грейс Кехинде (8 жас) қаза болғанын қайғымен хабарлаймыз", - делінген таралған хабарламада.
Университет өкілдерінің айтуынша, Кехинде Илайджа Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде 2016 жылдың маусымынан бері жұмыс істеген. Ол Ұлыбританиядағы Лестер университетінде медицина докторы дәрежесін алған және Нигерия, Оман, Кувейт және Ұлыбритания елдерінде медицина саласында 40 жылдан аса ғылыми-зерттеу мен мұғалім қызметін атқарған.
Осы жылдар бойында ол жеті ғылыми-зерттеу грантының иегері болған. "Назарбаев Университетінің басшылығы мен ұжымы орны толмас қазаға байланысты профессордың туыстарына, достарына және жақындарына көңіл айтады", - делінген ЖОО хабарламасында.
Еске салайық, бүгін Астанадағы "Хайвилл" тұрғын үй кешенінде болған өрттен төрт адам қаза тапқан болатын. 2017 жылы 14 шілдеде таңғы 05:06-да 24-ші қабатты "Хайвилл" тұрғын үй кешенінің тоғызыншы қабатында түтін шыққаны жайлы хабарлама түсті. "65 шаршы метрлік жалпы көлемде жиһаз , тұрмыстық техника және үй заттары өртенген. Өрт салдарынан шыққан газ иісінен төрт адам қаза тапты, оның екеуі балалар", - деді ТЖ Комитетіндегілер.
Оқиға орнына биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған арнайы техника мен жеке құрамның 25 адамы тартылған. Мамандар өрттің неден шыққанын анықтап жатыр.