17 мам, 2021 сағат 12:54

«Хай-тэк» операциясы: Қылмыстардың басым бөлігін интернет-алаяқтық құрайды


Елімізде интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған «Хай-тэк» операциясы өткізілді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен аптада ақпараттандыру және байланыс саласындағы, сондай-ақ ақпараттық технологияларды, оның ішінде интернет-алаяқтығына қатысты қылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған «Хай-тэк» операциясы өткізілді. Аталған іс-шараның үш күні ішінде интернет-пайдаланушыларды алдаудың көптеген фактісі анықталды», - деді Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында. 

Мәселен, елордалық полицейлер азаматтарды интернет желісінде жоқ пәтерді жалға беру туралы хабарландыру арқылы алдаған алаяқты ұстады. Жалпы сомасы 300 мың теңгеге материалдық шығын шеккен 8 жәбірленуші анықталды. Сондай-ақ өзгелердің дербес деректерін пайдалана отырып, микроқаржы ұйымдарында онлайн-кредиттер рәсімдеумен айналысқан Қостанай қаласының екі тұрғыны қолға түсті. Жедел іс-шаралар барысында қосымша 15 жәбірленуші анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 2 млн теңгені құрайды.

«Осындай сызба арқылы Жаркент қаласынан келген екі алаяқ азаматтарды алдады. Олар жыл басынан бері онлайн-қарыздар рәсімдеу арқылы ақша ұрлады. Материалдық залал 2 млн 470 мың теңгені құрады. Алматы қаласының тұрғыны «Оlх.kz» сайтына жалған хабарландырулар орналастырып, жүк тасымалдау қызметтерін ұсыну арқылы ақша тапақшы болған. Қазірдің өзінде 1 млн теңгеге жуық сомаға зардап шеккен 6 жәбірленуші анықталды. Басқа алданған адамдарды анықтау үшін іс-шаралар қабылдануда», - деді ол.

Сонымен қатар ресми өкіл Алматы қаласында арнайы техникалық құралдарды заңсыз сатқаны үшін қала тұрғыны ұсталғанын айтты. Одан бақылау сатып алу барысында тыңдау мүмкіндігі бар 3 GSM трекер тәркіленді. Тексеру жүргізілуде. Жалпы, «Хай-тэк» жедел алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде республика аумағында барлығы 214 құқық бұзушылық ашылды. Олардың басым бөлігін интернет-алаяқтық құрайды.

«Сондай-ақ, Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзудың 2 фактісі, Интернет желісінде порнографиялық материалдарды таратудың 8 фактісі және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың өзге 14 фактісі тіркелді. Барлық материалдар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Нұрділдә Ораз.