22 сәу, 2020 сағат 17:27

Халықтың коронавирусты қайдан жұқтырғанын анықтайтын эпидемиолог-мамандар тапшы

Қазақстанда адамдардың коронавирус инфекциясын қайдан жұқтырғанын анықтайтын эпидемиолог-мамандар жетіспей жатыр. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау саласында 250 мыңға жуық медициналық қызметкер бар. Оның 72 мыңы - дәрігер болса, 177 мыңы - орта медициналық персоналдағы мамандар. Барлық медициналық ұйымдағы эпидемиологтар саны – 8 755. Санитарлық-эпидемологиялық профильде де 2500-ге жуық маман бар», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің айтуынша, денсаулық сақтау саласында Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер жетіспейді.

«Егер нақты коронавирусқа қатысты жағдайды баян етсек, бүгінгі күні коронавируспен ауырғандарды емдеуге 16 мың медициналық қызметкер жұмылдырылған. Одан бөлек, әр аумақта 1-20 пайызға дейін кадрлық резерв жасақталған. Бұл бағытта медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі жоқтығын хабарлағым келеді. Десе де, эпидемиологтар әлі де тапшы. Нақтырақ айтқанда, коронавирус инфекциясын адамдардың қайдан жұқтырып алғанын анықтайтын эпидемиолог-мамандар жетіспей жатыр. Бұл ретте 800 маманның дефициті барын айтуға болады», - деді ол.