21 қыр, 2023 сағат 11:37

Халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Түркиядан экстрадицияланды

Видеодан алынған кадр

9 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Түркиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Түркия Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2014 жылдан бастап халықаралық іздеуде жүрген азамат «К»-ны ұстап беру туралы сұрау салуын қанағаттандырған.

Аталған азамат құрылыс компанияларына тиесілі жалпы сомасы шамамен 1 млрд. теңге қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.

Бұл қаражат әлеуметтік мақсаттағы объектілерді салуға арналған. Олардың арасында аурухана да бар.

"Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады.

Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Жоғарыда аталған қылмыс жасағаны үшін оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Бұл нәтижеге біздің мемлекеттер арасындағы қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің, сондай-ақ Бас прокуратураның Түркияның құзыретті органдарымен мақсатты жұмысының арқасында қол жеткізілді" - делінген хабарламада.