Дүниежүзілік банк 10 желтоқсанда донорлардың Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеру үшін БҰҰ-ның екі бағдарламасы арқылы 280 млн доллар көлемінде көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, БҰҰ-ның екі бағдарламасы: ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына Ауғанстанды қалпына келтіру сенім қорынан (ARTF) жыл соңына дейін қаражат түседі.
Дүниежүзілік банк хабарламасында "Бұл осындай күрделі кезеңде Ауғанстанды қалпына келтіру қорындағы ақшаны ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін жұмсауға бағытталған қадамдардың басы" деп атап өтті.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының шараларына – 180 млн доллар, ал денсаулық сақтау қызметімен қамтамасыз ететін ЮНИСЕФ-ке 100 млн доллар бөлінеді. Қаражат экономикалық және гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған Ауғанстанда азық-түлік қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелерді шешуге көмектесуі тиіс.
Осыған дейін БҰҰ Ауғанстанда 23 млн адам – халықтың 55 пайызына аштық қаупі төнді деп алаңдаушылық білдірген.
