26 мау, 2025 сағат 17:40

Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні: Қазақстанда қалай қорғалады?

Фото: Главко

Бүгін әлемде Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні аталып өтуде – бұл адамзатқа қарсы жасалатын жантүршігерлік қылмысты бүкіл халықаралық қауымдастық болып қатаң айыптайтын күн.  2013 жылы Қазақстан Азаптауға қарсы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Осы құжаттың аясында елімізде Ұлттық алдын алу тетігі құрылды. Оның негізгі міндеті – жабық мекемелерге тәуелсіз түрде барып, азаптаудың алдын алу. Ult.kz тілшісі еліміздегі осы мәселені заңгерден сұрап көрді.

 

Қазақстанда азаптауға қарсы күрес және азаптау құрбандарын қорғау – адам құқықтарын қорғау саласындағы маңызды мәселелердің бірі. Бұл бағытта бірнеше мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 

 

Қазақстанда азаптауға қарсы құқықтық негіз

 

ҚР Конституциясының 17-бабында: «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгез немесе адамдық қадір-қасиетті қорлайтындай жәбір көрсетуге болмайды» деп көрсетілген.


 

«Қылмыстық кодекстің 146-бабында азаптау қылмысы үшін жауапкершілік қарастырылған.
 Азаптау – бұл мемлекеттік лауазымды тұлға немесе оның рұқсатымен жасалған дене немесе психологиялық қысым.

Қазақстан 1998 жылы Конвенцияны ратификациялады.
 2014 жылы Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) енгізілді.
 Азаптаудан қорғау механизмдері де бар. Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) омбудсменнің қолдауымен жұмыс істейді.
 Түрмелер, уақытша ұстау изоляторлары, психиатриялық мекемелер сияқты жабық мекемелерге тосыннан барып, тексеріс жүргізе алады.
 Азаптау және қатыгез қарым-қатынас фактілерін анықтап, баяндама жасайды», – дейді заңгер Гүлмира Ақтанова.

 

Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі (Омбудсмен) азаматтардың құқықтарының бұзылуына шағымдануға мүмкіндік береді.
 Азаптау туралы мәлімдемелерге тәуелсіз тексеріс талап ете алады.
 Сонымен бірге, Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) да жұмыс істейді. Оның қатарында Қадір-қасиет қоғамдық қоры
, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы (KIBHR)
, Dignity – Danish Institute Against Torture (әріптестік шеңберінде)
 және Қазақстандағы Хельсинки қоры
 бар.

 

Жалпы, азаптау құрбандарына құқықтық (адвокат, сот процесіне қатысу), медициналық (психологиялық және физикалық оңалту), қайта бейімделу бағдарламалары (кейбір ҮЕҰ арқылы) және халықаралық деңгейде шағым беру (БҰҰ Азаптауға қарсы комитетіне) сияқты көмектер беріледі.

 

Қазақстанда тіркелген азаптаулар

 

Қазақстанда тіркелген азаптау жағдайлары көбінесе құқық қорғау органдары (полиция, тергеу изоляторлары, ұлттық қауіпсіздік комитеті, түрмелер) тарапынан жасалған заңсыз әрекеттермен байланысты. Бұл деректер ресми және бейресми көздер арқылы белгілі болып отырады.

 

«Мысалы, соққы, электрошок, қинау құралдарын қолдану,аяқ-қолды байлап, ұзақ уақыт қозғалыссыз қалдыру,ауызды скотчпен жауып тастау, электрошок құрылғысын қолдану сияқты физикалық азапталар көрінісі бар. Мысалы, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған азаматтардың арасында электрошокпен қинау, аяқ-қолын байлау, суға батырып тұншықтыру, денесіне темекі басу сияқты қатыгез әрекеттер болғаны туралы көп шағым түсті. Сонымен қатар, психологиялық азап түрі де бар. Ол негізінен қорқыту жақындарын қамауға алу арқылы қысым жасау, ұзақ уақыт бойы ұйықтатпау, ақпарат бермеген жағдайда қинауға уәде беру, тұтқындалған адамның адамдық қадір-қасиетін қорлау деген сияқты түрлері бар. Тіпті кейбір күдіктілерді жала жабамыз, отбасыңды қамаймыз деп қорқытып, жалған айғақ беруге мәжбүрлеген жағдайлар да кездесіп жатады», дейді заңгер Гүлмира Ақтанова.

 


Қазақтанда азаптау бойынша қоғамда резонанс тудырған істер бар. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде 2000-нан астам адам ұсталған. Көптеген бейнежазбаларда адамдарды ұрып соғу, күйдіру азаптаулары көрініс тапқан болатын.

 

Ақбота Мұсабекқызы