Министрліктің басты миссиясы – сауда дипломатиясын қолдана отырып, отандық бизнестің ұлттық мүдделерін қорғау. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сауда жағынан жолға қойылып жатқан ынтымақтастыққа қарамастан халықаралық саудада мемлекеттер протекционизм саясатына басымдық беріп, әртүрлі дәрежедегі шектеу шараларын енгізуге бейім. Бұл бағытта біздің министрліктің басты миссиясы – сауда дипломатиясын қолдана отырып, отандық бизнестің ұлттық мүдделерін қорғау. Бүгінгі таңда нақты кейстер баршылық. Мәселен, ресейлік нарыққа азық-түлікті тасымалдауда кедергілер жойылды («Зенченко и К» ЖШС, «J.F.M. Company» ЖШС және «Айсберг ПВ» ЖШС өнімдерін тасымалдауға қойылған шектеуді алып тастау). Сол секілді қазақстандық көмірді Украинаға жеткізуде кедергілер еңсеріліп, экспорт көлемін 40 пайызға арттыруға мүмкіндік туды», - деді Бақыт Сұлтанов аталған министрліктің кеңейтілген отырысында.
Сонымен қатар, Сауда және интеграция министрлігі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты күшейтіп, осының арқасында АҚШ қазақстандық уранды жеткізуге қойылған квотаны алып тастаған.
«Екі жылдық талқылаудан кейін ЕАЭО аумағы бойынша кедендік пошлина сомасын бөлудің нормативті мөлшері бойынша мәмілеге келдік. Яғни, халықаралық аренада Қазақстанның мүддесін қорғау жұмысы жалғасын табады», - деді ол.