#
#
Дүйсенбі 08/03/2021

Халық вакцинаның жағымсыз әсерлері барын да, жоғын да білуі керек – дәрігер

  • 27.01.2021
  • 0
  • 178

Елімізде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялау басталады. Осыған орай медицина маманынан вакцинаның тиімдігі, оның маңыздылығы мен адам организміне жанама әсері туралы білдік.

 

«Қарағанды медицина университеті» КеАҚ-ның клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры, ҚР ДСМ ересектер жұқпалы аурулар қызметінің жетекшісі, м. ғ. д., профессор Бақыт Кошерова сұхбат барысында вакцинацияланған адам да өзін вирустан қорғауы керектігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
Елімізде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялау басталады. Вакцинация инфекциялық жұқпалы аурулардан, соның ішінде COVID-тен қорғанудың ең қауіпсіз әрі тиімді жолы. Сондықтан жаппай вакциналау өте маңызды. Бүгінгі таңда бұл инфекцияны емдеуде тиімді препараттар жоқтың қасы. Бір жылдан аса уақыт болды осы індетпен бірге өмір сүріп келеміз. Мұны бәріміз көріп отырмыз, - дейді маман.

 Вакцина жасау арқылы көптеген жұқпалы аурудың алдын аламыз

Көпшілікке вакцина жасау арқылы көптеген жұқпалы аурудың алдын аламыз. Атап айтсақ, туберкулез, қызылша, қызамық, дифтерия, полиомиелит сияқты жұқпалы аурулардың таралуын тежеп отырмыз, себебі бұл індеттерді емдеудің тиімді дәрі-дәрмектері жоқтың қасы, әрі бұл аурулардың ауыр ағымы, асқынулары адамға үлкен зардап шектіретінін көпшілік білуге тиіс. Осы тұрғыда, вакцина жасаудың қаншалықты тиімді, нәтижелі екенін көріп жүрміз. Бұл нәтижені коронавирус инфекциясына да қатысты көруге болады, - деп түсіндірді Бақыт Кошерова.

Профессор атағандай, халық жыл сайын тұмауға қарсы вакцина салдырады. COVID жағдайы да тура осындай болуы мүмкін. Өйткені, қалыптасқан иммунитет тұмау және басқа да ЖРВИ-дағы сияқты тұрақты емес, сондықтан вакцинаны алып тұру қажет.

 Вакцина салдырмас бұрын пациент тексерілуі қажет

Бақыт Кошерованың айтуынша, вакцина салдыру кезінде науқаста өршіп кеткен, асқынған, созылмалы аурулары болмауы керек.

Вакцина салдырмас бұрын пациент дәрігерге тексерілуі қажет. Вакцинациялау - ол аумақты процесс. Ең алдымен дәрігер пациентті тексереді, оған зертханалық талдаулар жүргізеді. Мысалы, вакцина салдыру кезінде науқаста өршіп кеткен, асқынған, созылмалы аурулары болмауы керек. Сондай-ақ, дене қызуының жоғарылауы, әлсіздік болмауы тиіс. Вакцина жүкті әйелге, еметін жастағы сәбиі бар аналарга және 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Бұл өте маңызды. Себебі созылмалы ауруы бар адамға вакцина салынса, онда оның иммунитеті қалыптаспайды. Сондықтан дәрігер жинақтаған талдаулар нәтижесін көргеннен кейін ғана пациентті вакциналау бөліміне жібереді. Бұл бөлімге пациент вакцинаны алу үшін бір есіктен кірсе, вакцина алғаннан кейін басқа екінші есіктен шығады, - деп атап өтті ол.

Вакцина алған пациент 30 минут бойы медициналық қызметкерлердің бақылауында болады. Себебі, вакцина алғаннан кейін кейбіреулерінде әлсіздік, кейбіреуінде психогендік реакция болуы мүмкін немесе кейбіреулері «ине салудан» қорқуы мүмкін.

Тек қана COVID-19-ға қарсы вакцинаның ғана емес, жалпы кез келген вакцинадан кейін болатын жауап ретіндегі әсерлері бар. Олар – жергілікті және жалпы әсерлер. Мысалы, жергілікті әсері, ол екпе салған орнының қызаруы, ісінуі, қызуы болуы мүмкін. Ал жалпы әсері - қалтырау, дене қызуының жоғарылауы, өзін жайсыз сезінуі.

Вакцинаны адам ағзасына түскен бөгде компонент, ақуыз екенін түсіну керек. Оған ағза жауап береді. Бұрыннан вакцинациядан кейін дене қызуы көтерілгені дұрыс деп есептеледі. Демек, денеде толыққанды антиденелер қалыптасады деген сөз, - дейді профессор Бақыт Кошерова.

Вакцинадан соң 6 айдан бір жылға дейін вакцина вирустан қорғауы мүмкін. Кейін адам ағзасындағы антиденелер азая бастайды. Сөйтіп, ағза қайтадан инфекцияларға сезімтал бола бастайды. Сондықтан бүгінгі таңда тұмау сияқты коронавирусты инфекцияға да қарсы жыл сайын вакцинациялау қажеттілігі айтылып жүр.

Адам вакцинациялауға дайындықпен келгендіктен, ешқандай жанама әсері болмайды

Маман соңғы кезде вакциналауға қарсы тараптар оның қажеті жоқ екенін айтып, зиянды тұсын дәлелдеуге тырысып жатқандарға қатысты пікірін білдірді.

Вакцинациялауға қарсы тараптар бар, олар бұған дейін де болған және бола бермек. Осы ретте біз вакциналаудың тиімділігі, маңыздылығы, қауіпсіздігі туралы дұрыс түсіндірме, ақпарат беру жұмыстарын жүргізетін пул құрып жатырмыз. Одан бөлек, халыққа дұрыс ақпарат беріп, вакцинадан кейін жанама әсерлері, жағымсыз құбылыстары болатынын да жеткізу керек. Әлбетте олардың болуы да, болмауы да мүмкін. Себебі, әр адамның ағзасының өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан адам вакцина алмас бұрын дәрігеріне барып, денсаулығында қандай нұқсаны барынан хабардар болуы керек. Осыдан кейін ғана, яғни адам вакцинациялауға дайындықпен келгендіктен, ешқандай жанама әсері болмайды, - деп түсіндірді ол.

Кошерованың сөзінше, халық вакцинаның жағымсыз әсерлері барын да, жоғын да білулері керек.

Әлемде адамдардың вакцинаны қалай алып жатқандарын, олардың вакцинаға деген көзқарастарын көріп отырмыз. Біздің де көзқарасымыз осындай болуы керек. Сол себепті де халық арасында ақпараттық-түсіндерме жұмыстарының маңызы зор. Осындай жұмыстарды жүргізу үшін медицина қызметкерлерін, мамандарды дайындап жатырмыз. Халық вакцинаның жағымсыз әсерлері барын да, жоғын да білулері керек. Бұған олар дайын болулары тиіс. Сонда ғана вакцинацияға қарсы адамдардың саны азаяды, - деп айтты дәрігер.

Оның сөзінше, осы күнге дейін КВИ-ға қарсы вакцина салдырған пациенттердің арасында қандай да бір жанама әсерлері болғандығын зерттеу институттары жазып та, айтып та келе жатыр.

Мысалы, Pfizer компаниясы ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Зерттеу барысында вакцинадан кейін жанама әсерлері барын да айтып, оны жариялап та жүр. Әр жағдайға зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Вакцина алу кезінде болғандықтан, сәйкестік те болуы мүмкін. Мысалы, вакцина жасаған пациентте құрысулар бар делік. Кейін сараптау-зерттеу жүргізілгенде пациентте бұған дейін де эпилепсия болғаны анықталады, ол вакцинамен байланысты да, байланыссыз да болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол вакцина алған кезбен қатар келіп отыр. Яғни, әр жағдайды жеке алып қарастырған жөн, - деп атап өтті профессор.

 КВИ қашан тоқтайды?

 Сондай-ақ, дәрігер COVID-19 індетінің қашан тоқтауы мүмкін екеніне болжам жасады.

Бұл халықтың жаппай вакцинациялануына тікелей байланысты. Мысалы, экономикасы дамыған елдер халқының 80 пайызын вакциналауды жоспарлап отыр. Ал біз шамамен халықтың 70 пайызын вакцинациялауды көздеп отырмыз. Неғұрлым көп адам вакциналанса, соғұрлым науқастар саны да азаяды. Демек, барлығы халықтың вакцинамен қамтылуына байланысты, - дейді Бақыт Кошерова.

Маманның сөзінше, біз көптеген дәрі-дәрмекті пайдаланамыз. Бірақ ол дәрі-дәрмектердің басым көпшілігі ем үшін қолданылады.

Ал медицинаның негізгі мақсаты – жағымсыз жағдайлардың (сырқаттардың) алдын алу. Егер алдын алмаса, онда емдеуге тура келеді. Жаңа коронавирусты жұқпаға тиімді дәрі-дәрмектер жоқ. Тек патогенетикалық ем жүргізіледі. Мысалы, тромбоздарды емдейміз, оттегі беріп, гипоксияны емдейміз. Егер алдын алу шараларын жасасақ, ауыр асқынулар, өлім-жітім болмас еді, - деп айтты ол.

Дәрігер вакцина салдыру туралы: Өзімді қорғасам, айналамдағы жандарды да сақтаймын

Мен жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігер болғандықтан, міндетті түрде вакцина салдырамын. Себебі коронавирус инфекциясы жағдайындағы осал топты алып қарасақ, оған жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері, жедел жәрдем қызметкерлері жатады. Осы топқа мен де кіремін. Вакцина алмасам болмайды. Өйткені, үнемі науқастармен жұмыс істеймін, кеңес беремін, - деп түсіндірді ол вакцина салдыру туралы.

Осы ретте дәрігер өзі атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Медициналық университетте бірнеше стационар аштық. Тағы стационар ашуға дайындалып жатырмыз. Ол жақта мен науқастарға кеңес беремін. Сондықтан өз-өзімді де қорғауым керек. Өзімді қорғасам, айналамдағы жандарды да сақтаймын. Әрине менің отбасым, балаларым да бар. Бәріміз вакцина аламыз, - деп түйіндеді Бақыт Кошерова.

 Вакцинаны салдырған адам өзін қалай күтуі керек?

Адамға вакцина екі рет салынуы тиіс – алғашқы вакцинация және екіншісі ревакцинация. Алғашқысын 2021 жылы салдырса, екіншісін 2022 жылы салдыруы керек.

Вакцинадан кейін де адам сақтануы қажет. Ол қазіргідей маска тағып, арақашықтықты сақтап, қолын үнемі жууы тиіс. Иммунитет қалыптасқанша да вакцина алған адам өзін қорғауы керек, өйткені вакцинациядан кейін иммунитет нығаюы үшін де нақты уақытты қажет етеді, - дейді дәрігер.

 Медициналық ұйымдар вакцинациялауға дайын ба?

Қазіргі таңда вакцинациялау үшін ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз. Ең алдымен, халықпен жұмыс жүргізетін спикерлерді, мамандарды әзірлеудеміз. Олар «Вакцина, вакцинация деген не? Қазақстанда қандай вакцина қолданылады? Оған қандай көрсеткіштер және қарсы көрсеткіштер бар? Вакциналаудан кейін қандай жанама әсерлері болуы мүмкін?» деген сұрақтарға жауап береді. Екіншіден, емханаларда міндетті түрде екпе салу бөлмелері ұйымдастырылады. Оларды дұрыс дайындау үшін біраз жұмыс істелді. Екпе жасау бөлмесінде дәрігердің атқаратын жұмысы, пациенттер келген кезде қандай сұрақтар қоюы керек, оны қалай қарауы керек, одан бөлек, осы бөлмедегі медбике вакцинаны дәрігерге қалай әкелетіні туралы жұмыстар жүргізілді. Себебі вакцина өз температурасында сақталуы қажет. Егер осы ереже сақталмаса, вакцинаның әсері жоғалады. Вакцинациялауға қанша адамды шақыруы керек? Мұның бәрі үлкен бір логистика. Осының барлығын медициналық қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, - деп дәрігер медұйымдарының дайындығына тоқталды.

Вакцина жасаған адам бір есіктен кіріп, екінші есіктен шығады және холда 30 минуттай отырады. Яғни вакцина алуға келген адам мен шыққан адам бір-бірімен араласпауы керек. Медициналық қызметкерлер вакцина алған адамның жағдайын жарты сағаттай бақылайды. Бәрі жақсы болса, пациентті үйіне жібереді. Егер пациентте дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болса, бұлшықеттері ауырып, бас ауруы сияқты белгілер болса, онда дәрігерге хабарласуы қажет. Осының барлығын вакцина алуға келген адамға түсіндіру керек.

Оның айтуынша, вакцина алған адам біршама уақыт өткеннен кейін жағдайы жақсы болса, оның емханаға қайта келуінің қажеттілігі жоқ.

Сөз соңында қарағандылық дәрігер бұған дейін де айтылып жүрген үш басты ережені сақтауға шақырды.

Маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және қолды жуу – бұл өмірдің нормасына айналып кетті. Осы үш ережені сақтауды ұмытпау қажет. Қазір бір рет ауырған адамның екінші рет қайта ауырып қалмауы маңызды, - деп қорытындылады сөзін Бақыт Кошерова.

 

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР