02 мау, 2021 сағат 13:58

Халық санағын жүргізетін қызметкерлер вакцина алуы керек пе?


ҚР Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Жорабек Дәуренов халық санағын жүргізетін қызметкерлер вакцина алуы керек пе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Санақ қызметкерлері болады, Нұр-Сұлтан қаласында бірінші кезеңге 324 қызметкер алынды. Оның бәрі толығымен оқудан өтіп, жұмысын бастап кетті. Екпе алу мәселесіне келсек, әрине, қызметкерлер халықпен тікелей араласатын болғандықтан ондай талап бар. Бұл тек қана біздің санаққа қатысты емес, халқымыз жалпы індеттен құтылу үшін өз еркімен екпе алуы қажет деп ойлаймыз», - деп жауап берді Ж. Дәуренов елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Айта кетейік, биылғы халық санағы дәстүрлі және онлайн форматта өтеді. 

1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде өздігінен сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болады. 

Жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді болады, респонденттер санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады. 

Одан басқа, «Egov» платформасында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы және «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы санақтан өтуге болады.