27 қаң, 2023 сағат 18:14

"Халық қазір мал болып кеткен". БҚО-да ауыл әкіміне сөгіс жарияланды


Әдеп жөніндегі кеңесте Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиевтің халыққа қатысты айтқан сөзіне байланысты тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Дәулетованың айтуынша, әкімнің сөзі Instagram-да тарап кеткен. Әкім журналистке сұхбат берген кезде "Халықты несіне тыңдайсыңдар? Халық қазір мал болып кеткен ғой" деген екен, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап.

"Осылайша, Аманғалиев ауыл тұрғындарын өз сөзімен қорлап, мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін бұзды. Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының қызметтік сипаттамасына сәйкес Бейбіт Аманғалиевтің тәртіптік жазасы жоқ, ол - білікті маман және білікті басшы. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарынан хаттар келіп түсті, онда олар өз әкімдері туралы жақсы айтады", - деді мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Дәулетова.

Ауыл әкімі де неге бұлай айтқанын түсіндіруге тырысқан. Оның сөзінше, оқиға былтыр 7 желтоқсанда болған. Сол күні Махамбет ауылының маңында үлкен жүк көлігі электржелісіне соғылып, салдарынан ауыл бір күн бойы жарықсыз қалған. 

"Сол күні қатты аяз болды. Екі сағаттан кейін Горбунов пен Павлов ауылдарында газ өшіп қалғаны туралы хабар келді. Ол ауылдар ешкімнің балансында жоқ, үнемі су құбыры қатып қалады. Ауылға барып, тұрғындармен кездесіп, жағдайды түсіндіруге тырыстым. Газ бірден қосылмады, барлық құрылым жұмыс істеді, өзім де тәулік бойы ұйықтамадым. Тұрғындар журналистерді шақырған екен, олар келіп түрлі сұрақ қоя бастады. Өзім стресс жағдайында тұрдым, себебі сәуірде анам мен бауырымнан айырылып қалдым. Әрине, ол менің жеке шаруам екенін түсінемін, жұмысқа қатысы болмауы керек, бірақ расында қиын жағдайда тұрдым", - деп түсіндірді ауыл әкімі. 

Бейбіт Аманғалиев расында солай айтқанын, алайда қазір өкінетінін және тұрғындарды жинап, кешірім сұрағанын айтты. 

"Мен халықты малға теңегім келмеді, тұрғындар сабырсыз болып кеткенін айтқым келген. Себебі апаттың салдарын жою оңай жұмыс емес. Шаршап та қалдым, жасым 59-да, сол күні аязда көп жүрдім. Бірақ халықты, ауыл тұрғындарының көңіліне қаяу түсіргім келмеді", - деп түсіндірді Бейбіт Аманғалиев.