Фото: Instagram/assanali.ashimov
Кино және театр актері, режиссер, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов өмірден өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Актердің қазасы жайлы әлеуметтік желіде зиялы қауым өкілдері де жазып, естеліктерін бөлісе бастады.
Асанәлі Әшімұлы Әшімов (1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылмада туған) – кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор. Қазақ КСР халық артисі (1976), КСРО халық артисі (1980). Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974).
Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі. Қазақстанның Еңбек Ері (2017).
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында: М. Әуезовтің "Абайында" Керім, "Еңлік-Кебегінде" Кебек, "Қара қыпшақ Қобыландысында" Айшуақ, "Таңғы жаңғырығында" Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлуында" Қодар, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич, Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь, М. Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламан, И. Вовнянконың "Апатында" бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал, А. Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г. Гауптманның "Ымырттағы махаббат" драмасындағы доктор Клаузен. және т.б көптеген бейнелерді сомдады.
