Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев БАҚ өкілдерімен және тұрғындармен қалай байланыс орнатқанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы облыс әкімдігі ашық деп ойлаймын. Сайтымызда, барлық әлеуметтік желіде әкім жұмысы бойынша тұрақты ақпарат беріліп тұрады. Өзім БАҚ өкілдерімен жиі кездеспесем де, оларды барлық іссапарымызға, үлкен жиналыстарға қатыстырамыз. Сондықтан ешқандай жақсырын ақпарат жоқ деп ойлаймын. Ашық екенімізді көрсету үшін мен жұмысқа кіріскенде бірден WhatsApp нөмірімді (+7 701 777 6037) жарияладым. Кез келген БАҚ өкілі менің нөмірімді біледі, сұрағы болса, соған жазады. Мен міндетті түрде хабарламаны 2-3 күнде өзім ашып қарап, бәріне жауап беріп отырамын», - деді Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, әкім әлеуметтік желіде қаншалықты белсенді екенін айтты.
«Шыны керек, Instagram-да мен жоқпын. Аккаунт ашып қойсам да, белсенді бола алмай жатырмын. Көбінесе, Facebook арқылы халыққа өз ойымды немесе жұмысымды жеткізіп отырамын. Жалпы, БҚО әкімдігінің ресми сайты арқылы қажетті ақпаратты беріп отырамыз. Тұрғындар өз сұрақ-ұсынысын Facebook немесе WhatsApp нөміріме тікелей жазып отырады», - дейді ҒЕсқалиев.
