20 сәу, 2021 сағат 08:10

Кейінгі тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны азайды

Дүйсенбі күні 2 530 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ведомство коронавирус пневмониясы мен адам өліміне қатысты екі күн бұрынғы мәліметті жариялап жүр. 18 сәуірде 11 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 33 адам қайтыс болған: 30 адамның өліміне – коронавирус, 3 адамға коронавирус пневмониясы себеп болды деп айтылады.

Өткен тәулікте Алматыда ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Мұнда 682 адамнан коронавирус анықталған. Нұр-Сұлтанда 401 науқас тіркелген. Алматы облысында – 285, Батыс Қазақстан облысында – 237, Қарағанды облысында – 217, Ақтөбе облысында – 121, Ақмола облысында 101 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қалған аймақтарда анықталған науқастар жүзге де жетпейді. 

2020 жылдың наурыз айынан бері 292 250 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 3436 адам қайтыс болған. Коронавирус инфекциясы анықталған, бірақ өліміне "басқа ауру себеп болды" делінген мыңға жуық адам өлімі бұл статистикаға енбеген.

Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап Covid жұқтырғаны ПТР әдісімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 1 тамыз бен 18 сәуір аралығында 51 890 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 754-і қайтыс болған.

Қазір 38 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 733 980 адам (халықтың 3,9 пайызы) коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған. 

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 141 млн адамнан асты. 3 миллионнан астамы қайтыс болған. Қазақстан коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде 49-орында тұр.

Аймақтар бойынша толық дерек: Нұр-Сұлтан қаласы - 401, Алматы қаласы - 682, Шымкент қаласы - 49, Ақмола облысы - 101, Ақтөбе облысы - 121, Алматы облысы - 285, Атырау облысы - 97, Шығыс Қазақстан облысы - 67, Жамбыл облысы - 53, Батыс Қазақстан облысы - 237, Қарағанды облысы - 217, Қостанай облысы - 31, Қызылорда облысы - 45, Маңғыстау облысы - 29, Павлодар облысы - 58, Солтүстік Қазақстан облысы - 27, Түркістан облысы - 30.