27 қыр, 2021 сағат 13:52

Кемелбек Ойшыбаев мемлекеттік БАҚ-ты дамыту іс-шараларын атады


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мемлекеттік БАҚ-ты дамыту іс-шараларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер нақты іс-шараларға тоқталар болсақ, онда мемлекеттік БАҚ-тың интернеттегі – әлеуметтік желілер, видеохостингтер және мессенджерлердегі жұмысын белсенді түрде кеңейту жүргізіліп жатыр. Қазақстан мемлекеттік телекоропорациясы мен Хабар интернет аудитория үшін жобаларын бейімдеуде қарқынды жұмыс істеуде. Интернетке ғана бейімделген бірегей контенттер өндірілуде», - деді ол «Astana Media Week – 2021» медиа апталығы аясындағы «Медианы дамыту стратегиясы» атты дөңгелек үстел барысында. 

Вице-министрдің атап өтуінше, бұл бағытта жетістіктер де бар. Мәселен, Хабар телеарнасының YouTube арнасында 6,5 млн бірегей пайдаланушы тіркелген. 

«Сериалдарды интернеттен көру дағдысы артып келе жатыр. Айталық, «Келінжан» сериалы көрсетілімнің алғашқы күнінде-ақ миллион көрілім жинады. Қазақстан телерадиокорпорациясы жобаларының YouTube-дегі көрілімі 6 айда 300 млн-ға жетті», - деді Кемелбек Ойшыбаев.