Фото: mazhab.kz
Өткен аптада Orda News YouTube арнасына Гүлнәр Бажкенованың подкасты шықты. Ол подкастқа белгілі продюсер Баян Алагөзова, феминист Гүлзада Сержан, актриса және блогер Дарья Александрова, сондай-ақ саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева қатысқан. Қоғам белсенділері көптеген маңызды тақырыптарды талқылағанда Баян Мақсатқызының айтқан сөзі Қазнетті шулатты, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол өз сөзінде туып-өскен жерінде қыз балалар еркін өсетінін ерекше қозғап өтті.
Фото: opennews.kz
«Маған ешқашан да ер адамға бас ию дегенді үйреткен емес. Алматыға барғанымда Шымкенттен келген қыздардың үнемі иіліп, сәлем салуы мен үшін өте жабайылық болды. "Не үшін иілесің?" десем, "Бұл қалыпты жағдай, солай болуы керек" дейді. Кешіріңіздер, мен әкемді құрметтеймін, атама деген құрметім шексіз. Үлкендерге, ер адамдарға құрметпен қараймын. Бірақ иіліп, сәлем салу деген менде атымен жоқ. Маған оны үйретпеген. Үйрете де алмайды. Бұл – менің таңдауым. Мені әжем еркін өсіріп, тәрбиелеген», – дейді Баян Алагөзова.
Осы орайда журналист Ақгүл Айдарбектің YouTube арнасына этнограф Болат Бопайұлының да сұхбаты шықты. Этнограф қазақтың салт-дәстүріне, білім-ғылымға қатысты тұщымды ойларын айта келе «сәлем салу» дәстүріне қатысты да пікірін білдірген.
Фото: stan.kz
Оның сөзінше, құлшылық пен ізетті шатастыратындар да бар көрінеді.
«Бұл жерде екі нәрсе бар, біреуі сәлем салуды кейінгі кезде діннің кейбір өкілдері "Аллаға ғана сәлем салу керек, бас иію керек, адамға сәлем салу күпірлік, болмаса Аллаға серік қосқандық" дегенді де естідік. Ол дұрыс емес! Оның бірі – құлшылық, екіншісі – ізет. Үлкенге ізет. Сәлем салу деген төрт ата-ананы айтады, өзінің ата-енесі, қайын жұрттың ата-анасы, нашағы жұрттың ата-анасы. Алты ата-ана ғой. Бұл жерде бет ашу кезінде сәлем салынады, ол енді қазақтың қалыптасқан дәстүрі. Бет ашу деген бірінші сыныпқа, балабақшаға немесе университетке оқуға түскен баланың немесе студенттің тыңдаған бірінші лекциясы сияқты болады. "Ала қаптың аузы бос, қутыңдама келіншек. Өзің жатып күйеуіңе, тұр, тұр деме, келіншек" деп айтылады. Сол сөз ақ босағаны оң аяқпен аттап, отқа май құйып, бетін алаулап, бетін ашып, сәлем салғаннан бастап, жүректе қалған нәрсені сол келін ақ жаулықты ана болғанша атқарып жүреді. Енеңнің төсегіне отырма, алдынан кескестеме, жалаңаш жүрме деген сияқты үлкен тәрбие. Ал сәлем салу сол құрметті ұмытпау, үлкендерге мәңгілік ізетті сақтап жүрудің белгісі. Таңертең түндік ашу, есіктен кіру, алғашқы отты жағу сол кездегі, келіннің қолынан шай ішу дегеннің бәрі үлкен берекенің, ынтымақтың, отбасын сақтаудың тәрбиелік тәртібі.
Сәлем салған келін әдепті келін, әдемі келін, ибалы-иманды келін деп бағалайды. Сондықтан бойында осындай төрт қасиеті бар, таңдаулы келінге жатады», – дейді Болат Бопайұлы.
Сонымен қатар, этнограф «мен сәлем салмаймын» деген сөз, қазақтың дәстүріне қарсы шыққандық, ұлттың қалыптасқан тарихи дәстүрін жоққа шығарғандық деп атап көтті. Әңгіме барысында бұрынғы ата-салтымызда ерлеріміз қыздың үйіне барған кезде күйеу бала ретінде сәлем салғаны, яғни тәжім еткені де сөз болған.
«Қайын ата деген өзінің әке-шешесінен кейінгі, әкесімен бірдей екінші әкесі ғой. Оған тәжім етіп, сәлем беру, оның алдында бет-алды сөйлемеу, құрмет-сый жасау, әдеппен амандасу, басын иіп, кеудесін ұстап, сәлем беру ол – әдептіліктің, мәдениеттіліктің, білімділіктің, салт дәстүрдің белгісі», – дейді этнограф Болат Бопайұлы.
Ақбота Мұсабекқызы