12 қар, 2021 сағат 14:21

KEGOC бірнеше өңірде электр қуатының берілмей қалуына байланысты түсініктеме берді


«KEGOC» компаниясының ұттық диспетчерлік орталығының бас диспетчері Бекжан Мұқатов бірнеше өңірде электр энергиясының желіден ажырау себептері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясының бірыңғай энергия жүйесімен және Орталық Азияның біріккен энергия жүйелерімен қанаттасып жұмыс істейді. Елімізде электр энергиясын тұтынудың ең көп мөлшері қазір шамамен 15 мың МВт болып отыр. Электр станцияларында жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 8 қарашада «Мойнақ» ГЭС-індегі екі блок іске қосылды. Кеше ғана республика тұтынушыларының қажеттілігін барынша қанағаттандыру үшін «Жамбыл» ГРЭС-інде қуаты 200 МВт болатын энергетикалық блок та іске қосылды. Жыл басынан бері республика бойынша электр тұтыну көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,2% өсті. Жалпы, «KEGOC» АҚ желілерден энергияны ажыратқан жоқ. Тұтынушылар электр энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етіледі. Қазір жағдай қалыпты», - деді Бекжан Мұқатов брифингіде. 

Бас диспетчер журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, қазан-қараша айларында тіркелген жоспардан тыс ағындар энергия көздерінен қуатты жеткіліксіз мөлшерде сатып алу салдарынан туындағанын түсіндірді. 

«Электр энергиясының келісімшарттан тыс қабылдануын азайту үшін аймақтық салалық компанияларға тиісті бұйрықтар берілді. Оның ішінде, бірнеше облыстың, атап айтқанда, Қазақстанның оңтүстігіндегі тұтынушылардың ажыратылуына алып келуі мүмкін ірі жүйелі апаттардың алдын алу үшін нақты шешімдер қабылданды», - деді KEGOC өкілі. 

Сонымен қатар, ол тұтынушылар энергияны іс жүзінде тұтынатын көлемде сатып алуы тиіс екенін атап өтті. 

«Бізде электр энергиясының өндіріс көлемін арттыруға қажет резервтер Жамбыл ГРЭС-інде бар. Тұтынушылар қажетті көлемді алдын ала сатып алса, жоспардан тыс ажыратуға тап келмейді. «Қазақстан электр энергиясы мен қуат нарығының операторы» АҚ базасында сауда алаңын ұйымдастырдық. Қазақстанның электр станциялары сол жерде резервтегі қосымша қуаттарды сатады», - деді Бекжан Мұқатов.