27 жел, 2023 сағат 20:51

ҚазҰУ-да баспа ісі және әдеби үрдіс мәселелері талданды



Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында көрнекті ақын, ұстаз-ғалым Бауыржан Жақыптың 60 жасқа толған мерейтойына арналған «Баспа ісі  және әдеби үрдіс: қаламгер – редактор – оқырман» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Конференция жұмысына белгілі ғалымдар, қаламгерлер, БАҚ басшылары, ҚазҰУ-дың оқытушы профессорлары мен білім алушы жастары қатысты. Түркия, Қырғызстан ғалымдары мен еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары шараға онлайн қатысып, ой-пікірлерін білдірді.


Ғылыми басқосуды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, мерейтой иесінің қазақ әдебиетіндегі айрықша орны мен ғылымдағы ізденістеріне тоқталды.


 «Еңбек жолыңызды журналистикадан, ғылымдағы  жолыңызды  ҚазҰУ-дың студенті, ұстазы болып бастап, филология ғылымының докторы, профессор, журналистика факультетінің деканы сынды табысты, абыройлы биік белестерді бағындырдыңыз.
Сіздің бір қанатыңыз ғылым болса, екінші қанатыңыз – әдебиетте де жемісті еңбек етіп келесіз. Қазақ поэзиясында қайталанбас қолтаңбаңыз бен өз үніңіз қалыптасты. Әдебиетімізге қосқан жауhар жырларыңызды бүгінде жастар жатқа оқиды», – деп атап өтті ректор.


Іс-шара барысында ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары топтастырылған арнайы жинақтың тұсауы кесілді.


ҚазҰУ жанындағы «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, филология ғылымының докторы, профессор Намазалы Омашев сынды ғалымдар баяндама жасады.


Конференцияға қатысушылар қаламгер, ғалым Бауыржан Жақыптың бүгінгі баспа ісі мен әдеби үрдістерді дамытудағы еңбегін жан-жақты саралады.

 

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырған конференция аясында ғалым Бауыржан Өміржанұлының шығармашылық және ғылыми-педагогикалық еңбек жолына арналған кітап және фотосуреттер көрмесі қойылды.


Конференция жұмысы тақырыптық сессияларда жалғасты.

 

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы