03 нау, 2020 сағат 11:12

«Қазпоштаның» шығыны қанша?

«Қазпошта» АҚ жыл сайын 9 млрд теңге шығынға тап болуда. Бұл туралы аталған компанияның персонал және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ақмарал Найзабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын әлемде электрондық коммерция нарығы дамуда. Осы нарықта біз де айтарлықтай жақсы өсіп келеміз. Алайда компанияға шығын келтіріп тұрған бірқатар қызметтер де бар. «Қазпошта» құрамындағы 3,3 мың бөлімшенің арасында 2,7 мыңы тиімсіз. Бұл тұрғыда біздің желілер жыл сайын шамамен 9 млрд теңге шығын келтіреді», - деді А. Найзабекова Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында.

Осы орайда, ол қай бағыттар компания үшін шығын келтіріп тұрғанын нақтылады.

«Бұл өз кезегінде инфрақұрылымға, көліктерге, жеткізу учаскелеріне бағытталған шығындар мен қызметкерлердің еңбекақысын қамтып тұр. Яғни, біз әлеуметтік маңызы бар қызметті орындаудамыз, сәйкесінше, елді мекендердегі бөлімшелерді жаба алмаймыз. Тек өткен жылы мемлекеттен 4 млрд теңгеден астам сомаға субсидия алдық. Дегенмен оның көлемі барлық шығын сомасын жаппайды», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, қалалардағы тиімді басқа қызметтер есебінен аталған шығындар жабылып келеді.

«Электрондық коммерцияны дамыту мен бизнесті тарту есебінен инфрақұрылымға жұмсалатын шығындарды жабу көзделіп отыр. Жалпы, компания табыс деңгейін сақтап тұр. Жылына компания шамамен 200-300 млн теңге көлеміндегі табыс алуда», - деді А. Найзабекова.

Айта кетейік, бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Тоғызыншы қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.