30 қаз, 2017 сағат 11:07

ҚазМұнайГаз бензин бағасын төмендету үшін қызметкерлерді сыйақысыз қалдырмақ

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ республикада жанар-жағармай бағасының теңгерімсіздігіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Ұлттық компания бензин бағасын төмендету үшін штат санын қысқартып, қызметкерлерді сыйақысыз қалдырмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Компанияның мәліметінше, бүгінгі күні Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында АИ-92 қоры негізінен Ресей Федерациясынан әкелінетін бензин есебінен қалыптасып отыр, оның өзіндік құны литріне 161 теңгеден жоғары.

«Республикада бағалардың теңгерімсіздігіне жол бермеу және шығындарды төмендету үшін «ҚазМұнайГаздың» барлық жанармай құю станцияларында АИ-92 бензинінің бірыңғай бөлшек сауда бағасын литріне 161 теңге деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Өңдеу және маркетинг» бағыты, «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС орталық аппаратының қызметкерлеріне 2017 жылға сыйақы және бонустық төлемдер төленбейді», - деп жазылған ҚМГ таратқан хабарламада.

Түпкілікті өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС шығындарын едәуір қысқарту, оның ішінде орталық аппараттың штат санын қысқарту жоспарланып отыр.