Фото: ашық дереккөзден
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заңды қабылдады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Заң жобасының негізгі мақсаты қостанайлық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, сондай-ақ оның асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізу.
Заң жобасында «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізіледі, соған сәйкес асыл тұқымды малдың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштермен қатар, жылқылардың жұмысқа қабілеттілігіне, ептілігі, төзімділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттер тұқым стандартына жатқызылады.
Бұдан басқа, заңнамалық түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған мынадай іс-шараларды субсидиялау көзделген:
- асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алуы;
- асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу;
- оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу.
Сонымен қатар, заң жобасының тақырыбы өзгереді, өйткені «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 9-тармағының төртінші бөлігіне сәйкес тақырып нормативтік құқықтық актінің реттеу нысанасын көрсетуге тиіс.
Депутат Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, егер спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша бір құжат қабылдамасақ, бабаларымыздың, ғалымдарымыздың көпжылдық еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр.
"2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отыр. Осыған байланысты Парламент депутаттары отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған Заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады", – деді А. Қожаназаров.
Депутат Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған, мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазынасы екенін айтады.
1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 9,7% құраған. Алайда бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген.