ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тез тұрғызылатын құрылымдардан үш жұқпалы аурулар ауруханаларын салу туралы шешім қабылданды.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми сайты.
Сайттан мәлім болғанындай, Мемлекеттік комиссия Шымкент қаласы әкімінің биылғы 4 сәуір күнгі сағат 21:00-ден бастап қалада карантин енгізу туралы ұсынысымен келісті. Ауруханаішілік жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Үкімет басшысы әкімдерге инфекциялық, провизорлық және карантиндік нысандардағы санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тез тұрғызылатын құрылымдардан үш жұқпалы аурулар ауруханаларын салу туралы шешім қабылданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ТЖ кезеңінде жеке қорғаныш құралдарын шығаруға бақылауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде қауіпсіздік пен жұмыс істеудің жекелеген алгоритмін әзірлеу тапсырылды.
Отырыс барысында Жұмыспен қамтудың жол картасын (ЖҚЖК) сапалы жүзеге асыру, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен басқа да өңірлерде нақты жобаларды тез арада бастау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оған қоса Үкімет басшысы әкімдерге кем дегенде 240 мың жұмыс орнын құруды, отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің кемінде 90%-ын пайдалануды қамтамасыз етуді, ЖҚЖК аясында жұмысқа орналастыру үшін мобильді рекрут пункттерін құруды, жұмыссыздарды жобаларға Электрондық еңбек биржасы арқылы тартуды тапсырды.
Премьер-Министр төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандардың төлем алуы (42 500 теңге) үшін азаматтарға есепшот ашу жұмыстарын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік комиссия мектеп оқушыларының төртінші тоқсанда қашықтан оқу мәселесін қарастырды.
«Білім және цифрлық даму министрліктеріне қашықтан оқыту процесіне мониторинг жүргізіп, әдістемелік қолдау көрсетуді тапсырамын», - деді А. Мамин.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери міндеттілерді Қарулы күштердің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін арнаулы жиындарға шақыру мәселелері, сондай-ақ экономиканың секторларында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты аса зардап шеккендерді қызмет түрлерінің тізіміне енгізу үшін қажетті ұсыныстар қаралды, олар 1 сәуірден 1 қазан аралығында еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуден босатылады