01 қаз, 2020 сағат 13:00

Қазақстанның төрт облысында құс тұмауы тоқтады

Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында құс тұмауынан құстың қырылу жағдайы тоқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тәулік бойынша көрсеткіштер құс өлімі қарқынының төмендегенін көрсетіп отыр. Мәселен, соңғы тәулікте Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында құс тұмауынан құстардың қырылу жағдайы тоқтады. Сонымен қатар, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарында да бұл көрсеткіш азайып келеді», - деді ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау департаментінің басшысы міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша жалпы, құс өлімі Қазақстанның 7 облысының 41 ауданының 99 елдімекенінде тіркелген. Жеке аулаларда 23 854 құс қырылған. Ал екі құс фабрикасындағы өлген құстың жалпы саны 330 мың бастан аспайды.