28 нау, 2019 сағат 22:52

Қазақстанның Сыртқы істер министрі ресми сапармен Қытайда жүр

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қытай Халық Республикасына ресми сапармен келді. Сапар барысында сыртқы саяси ведомство басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен екі жақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар Қазақстан-Қытай арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылады және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасты.

Қазақстандағы ішкі саяси өзгерістер аясында Б.Атамқұлов қытай тарапына елдің сыртқы саясатының өзгермейтіндігі және халықаралық міндеттемелерін орындау туралы хабардар етті.

«Біз жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңінің қарым-қатынастарын нығайтуға және тереңдетуге деген міндеттемелерімізді растаймыз», - деді ҚР СІМ басшысы.

Сонымен бірге ол «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас - өзара ұтымды және тиімді ынтымақтастықтың үлгісі» деп атап өтті.

Өз кезегінде, Қытай тарапы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан-Қытай жан-жақты стратегиялық серіктестігін орнатудағы, «Белдеу және жол» бастамасын бірлесіп құрудағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша тарихи рөлін жоғары бағалады.

Келіссөздер барысында екі ел арасындағы өңіраралық және шекара маңындағы серіктестік форматтарында, сондай-ақ өнеркәсіптік және инвестициялық салада, экономиканы цифрландыру және технологиялық жаңғырту салада практикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатымен және Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық бағдарламаларымен тиімді ұштастыруға үлкен назар аударылады.

Сонымен қатар, Қазақстан мен ҚХР сыртқы саяси ведомстволарының басшылары БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі және т.б. халықаралық ұйымдар және интеграциялық бірлестіктер аясындағы ынтымақтастық, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастырып, трансшекаралық су ресурстарының мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Келіссөз барысында ҚХР аумағында тұратын этникалық қазақтардың жағдайы сөз болды. Екі елдің СІМ арасындағы жұмыс байланысы арқылы туындайтын мәселелерді шешуге өзара мүдделілік атап өтіліп, консулдық қызметтердің жұмысын жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай сыртқы саяси ведомстволары арасында 2020-2022 жылдарға арналған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сол күні Қазақстан СІМ басшысы ҚХР Коммерция министрі Чжун Шаньмен келіссөздер жүргізіп, сауда-экономикалық өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады. Қытай тарапы ҚР СІМ-нің инвестицияларды тарту және экспортты жылжытуды үйлестіру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы жаңа функциялары мен өкілеттіктерімен танысты.

Қытай - Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі. Соңғы жылдары елдер арасындағы сауда көлемі айтарлықтай артты. Осыған байланысты сауда саласын кеңейту, сауда құрылымын оңтайландыру, сауда ауқымын ұлғайту, сондай-ақ екіжақты саудадағы жоғары технологиялық өнімдердің үлесін арттыру мәселелерін реттейтін Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қатынастарын жандандыру жөніндегі Жол картасын әзірлеу ұсынылды.

Сапар аясында Министр Б. Атамқұлов Бейжіңнің орталық паркіндегі қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қытайлық мүсінші Юань Сикуньді «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапаттау рәсіміне қатысты.