Фото: egemen.kz
Менталды (психикалық) денсаулық – жеке адамның да, қоғамның да әл-ауқатының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Ол халықтың өмір сапасына, әлеуметтік тұрақтылыққа және физикалық саулыққа тікелей ықпал етеді. Алайда бұл маңызды салада шешімін таппаған мәселе көп.
Әлемдік жағдай және дабыл қағатын деректер
Бұл туралы жазған Finprom.kz мәліметінше, бүгінде әлем халқының шамамен 1 миллиарды психикалық ауытқулардан зардап шегеді. Сарапшылардың айтуынша, психикалық сырқаттардың жартысы 14 жасқа дейінгі кезеңде басталады. Алайда осы мәселенің өзектілігіне қарамастан, психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар әлемдік денсаулық сақтау жүйесіндегі мамандардың небары 1%-ын ғана құрайды. Бұл саладағы тапшылықтың салдары – 100 мың адамға шаққанда бірде-бір психиатр жоқ елдерде өмір сүріп жатқан халықтың үлесі – 45%.
Психикалық денсаулық проблемалары суицид көрсеткіштерінің артуына, қылмыстық құрылымдарға тартылу, моральдық ахуалдың төмендеуі, сенімсіздік пен агрессия деңгейінің өсуі сияқты салдарға әкеледі.
Қазақстан – жаһандық рейтингтің соңында
Mental State of the World 2024 есебіне сәйкес, былтыр жаһандық MHQ индексі (менталды денсаулық пен әл-ауқатты кешенді бағалау көрсеткіші) 200 баллдың ішінен 63-ті құрады. Бұл – орташа деңгей (50-100 балл аралығы) саналады. Адамдар айына орта есеппен 21 күндей ғана өнімді әрекет ете алатынын білдіреді.
Қазақстан 83 елдің ішінде 76-78 орындарды иеленіп, ең соңғы ондыққа енді. Елдегі MHQ индексі – 52,3 балл. Бұл көрсеткіш Қазақстан халқының менталды денсаулығында елеулі проблема бар екенін көрсетеді. Біздің еліміз бұл көрсеткіш бойынша Бразилия және Оңтүстік Африкамен деңгейлес.
Орталық Азия бойынша да жағдай мәз емес. Мысалы, Өзбекстанда – 54,5, Қырғызстан мен Тәжікстанда – 51,2 балл. Ал ТМД елдері ішінде ең жоғары көрсеткіш Молдовада – 75,6 балл.
Қазақстандағы психикалық денсаулық саласының жағдайы
ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының дерегінше, 2023 жылы елімізде психикалық денсаулыққа арналған медициналық мекемелерде 6,1 мың төсек-орын тіркелген (оның 5,5 мыңы – ересектерге, 551-і – балаларға арналған). Жыл ішінде 43,8 мың адам ауруханаға жатқызылған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 0,5%-ға аз. Ересектерді стационарда ұстау мерзімі орташа есеппен – 44,1 күн, балалардікі – 20,1 күнді құрады.
Бұл көрсеткіштер психиатриялық көмектің бар екенін көрсеткенімен, елдегі менталдық денсаулық мәселесінің түбегейлі шешімін таба алмай отырғанын да аңғартады.
Суицид – аса өзекті мәселе
Ең өзекті проблемалардың бірі – суицид деңгейі. 2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда 1,3 мың адам өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8%-ға азайғанымен, сандық көрсеткіш әлі де алаңдатарлық. Сарапшылар суицидке итермелейтін негізгі себептер ретінде материалдық қиындықтар (134 жағдай), жалғыздық пен өзекті болмау сезімін (104 жағдай), сондай-ақ отбасылық келіспеушіліктерді (45 жағдай) атап өтеді.
Алайда ең күрделі мәселе – жасөспірімдер арасындағы суицид деңгейінің артуы. Кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау 8,5%-ға көбейіп, 89 балаға жеткен. Ал өзіне қол жұмсауға талпынғандар саны – 195 жағдай (өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға көп). Бұл – дабыл қағатын жағдай.
Жасөспірімдер көбіне қолайсыз тұрмыстық жағдайға, ата-анамен немесе жақындарымен кикілжіңге, жалғыздыққа, қорқыныш пен ұят сезімдеріне (оның ішінде жазаланудан, жұртқа күлкі болудан) байланысты мұндай қадамға барады. Бұл – жастардың психологиялық және әлеуметтік тұрғыда өте осал екенін дәлелдейтін нақты деректер.
Мәселені қалай шешуге болады?
Сарапшылар менталдық денсаулыққа байланысты кең таралған қиындықтарға үрей мен қорқыныш, жағымсыз ойлар, күйзеліс, үмітсіздік, кінә мен өзін-өзі жазалау, оқшаулану сияқты белгілерді жатқызады.
Осы мәселелерді шешу үшін:
психологиялық көмекке қолжетімділікті арттыру,
мектеп пен ЖОО деңгейінде менталдық денсаулық туралы білім беру,
суицидтің алдын алуға бағытталған бағдарламаларды жетілдіру,
психиатр және психолог мамандардың санын арттыру қажет.
Психикалық саулық – елдің ұлттық қауіпсіздігі мен келешек дамуының кепілі. Бұл салаға деген көзқарас тек медициналық деңгейде емес, тұтас қоғамдық құндылық ретінде қайта қарастырылуы тиіс. Менталдық денсаулықты сақтау – әрбір адамның құқығы әрі мемлекеттің жауапкершілігі.
Аударған
Ақбота Мұсабекқызы
