Бұрын құпия болып саналған жекелеген сирек кездесетін жер металдарына ашық қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына орай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанның минералдық-шикізат базасын толықтыру және геологиялық зерделенуін арттыру мақсатында министрлік келесі жұмыстарды жүргізуде. Геологиялық барлау саласын дамыту бойынша Ұлттық жоба әзірленуде. Осы жобаның аясында кенді және кенсіз аймақтардың әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін жаңа ғылыми негізделген жұмыстар жоспарланатын болады. Геологиялық ақпаратты құпиясыздандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бұрын құпия болып саналған жекелеген сирек кездесетін жер металдарына (литий, тантал, ниобий) ашық қолжетімділік қамтамасыз етіледі», - деді министр.
Оның атап өтуінше, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді дамыту және жаңа перспективті учаскелерді табу ықтималдығын арттыру бөлігінде 1:50 000 масштабында жер қойнауын кең ауқымды өңірлік 3 геологиялық зерттеуді заманауи зерттеу әдістерімен жүргізу жөніндегі нормативтік-әдістемелік нұсқаулықтар дайындалып жатыр. Минералдық-шикізат базасын толықтыру, жер қойнауын геологиялық зерттеу, геологиялық барлауды басқару жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын әзірлеуге және бекітуге (ЭМ және ИИДМ келісімі бойынша) және министрліктің қолданыстағы инфрақұрылым мен инспекторлық құрамы аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін қатты пайдалы қазбалар бөлігінде мемлекеттік бақылауды орындау бойынша жауапты деп айқындау ұсынылды.
«Осылайша, геологиялық барлауға инвестициялар ағынын ынталандыру тетіктерін жетілдіру жер қойнауын геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, минералдық-шикізат базасын молайтуды және жаңа кен орындарын ашуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.