Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы 2019 жылғы 30 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда жасалған ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялауға бағытталған.
«Жоба «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының бесінші бабының екінші тармағына сәйкес әзірленді. Келісімнің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база құру. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе қатынасын ырықтандыру жөніндегі ұсыныстарына және Америка тарапының ұсыныстарына сәйкес, Келісім аясында тараптар әуе компаниялары, пункттер мен рейстер саны бойынша, оның ішінде жолаушылар тасымалдары үшін «әуе еркіндігінің» бесінші деңгейімен шектеусіз ұша алады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, бұл - ел тарихындағы алғашқы «ашық аспан» режиміндегі келісім. Яғни, кез келген қазақстандық әуе компания үшінші елдерге жолаушыларды жеткізу және әкелу құқығымен Қазақстанның кез келген қаласынан Америка Құрама Штаттарының кез келген қаласына рейстер бойынша шексіз санмен жолаушылар тасымалын, сондай-ақ АҚШ пункттері мен Америка Құрама Штаттарынан тыс кез келген пункттер арасында жүк тасымалын орындай алады.
«Келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдау Қазақстан Республикасы тарапынан қосымша бюджеттік шығындар мен міндеттемелерге алып келмейді және еліміздің көліктік қолжетімділігін арттыруға бағытталған», - деді министр.
