22 қыр, 2017 сағат 10:32

Қазақстанның білім беру жүйесі заман талабына сай болуы керек - Тоқаев

Қазақстанның білім беру жүйесі қазіргі заманның талаптарына толығымен сай болуы керек. 

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өтіп жатқан «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық  реттеу перспективалар» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі парламенттік тыңдау халқымыздың болашағы үшін аса маңызды мәселені талқылауға арналған. Еліміздегі орта білім беру жүйесінің үйлесімді қызметі мен мектептердің сапасы әрбір отбасына, әр азаматқа қатысы бар екенін біз жақсы білеміз. Биыл Қазақстан Президенті мемлекетіміздің болашағын қамтамасыз етуге бағытталған еліміздің үшінші жаңғыруы жөніндегі бағдарламаны енгізді. Дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі іргелі мақсатқа қол жеткізуге бағытталған бұл бағдарламада адам капиталының сапасын жақсартуға, соның ішінде білім беру сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы  Мемлекет басшысы білім беру жүйесін экономикалық өсудің негізіне айналдыру үшін оның қызметін түбегейлі өзгерту жөнінде тапсырма бергенін еске салып өтті.

«Қазіргі кезде технологиялардың қарқынды дамуы, әртүрлі салаға инновациялардың енгізілуі, жаппай цифрландыру, жаңа технологиялық тәртіпке көшу орта білім жүйесін дамыту барысында жан-жақты ескерілуі тиіс. Елімізді жаңғырту жолындағы міндеттерді орындауға барынша қабілетті мамандарды дайындап шығару үшін Қазақстанның білім беру жүйесі қазіргі заманның талаптарына толығымен сай болуы керек», - деді ол.