08 қар, 2020 сағат 18:17

Қазақстанның Әзербайжанға қару-жарақ жеткізгені жайлы ақпарат - фейк

Кейбір интернет-сайттарда және әлеуметтік желілерде Қазақстан Әзербайжанға қару-жарақ жеткізе бастады деген хабарлама тарады. Бұл тұжырым – фейк, деп хабарлайды Stopfake.kz ресурсы.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл хабарламаны ресми түрде жоққа шығарды.

«Қазақстан еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы барлық міндеттемелерін сақтауды ұстанады және басқа елдерге қару-жарақ жеткізу ниеті жоқ. Мақалада айтылған мәліметтер шындыққа жанаспайды және оған еш негіз жоқ» делінген ведомство мәлімдемесінде. 

Министрлік жалған мәліметтерге сенбеуге шақырады. Тек ресми дереккөздерді ғана басшылыққа алу керек. 

ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитетінің ақпаратына сәйкес, 2-3 қарашада Нұр-Сұлтан мен Баку қалалары арасында Silk Way West Airlines әуе компаниясының ұшақтары ұшпаған.