27 мау, 2025 сағат 11:54

Қазақстанның адам құқықтары саласындағы реформалары БҰҰ мінберінде таныстырылды

Фото: ҚР МАМ

Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 144-сессиясында Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактті жүзеге асыру бойынша Үшінші ұлттық баяндамасы талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Делегацияны ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов бастап, елдегі маңызды реформаларды таныстырды.

Гендерлік теңдік мәселесіне баса назар аударылды. Әйелдерге 30% квота енгізілген, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8%-ға жеткен, ал Парламенттегі көрсеткіш — 19,6%. Гендерлік сараптама мен гендерлік бағдарланған бюджет жоспарлау жұмыстары қолға алынуда.

Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейтіліп, агрессорларға қылмыстық жауапкершілік жүктелді. Алдын алу шаралары ретінде отбасын қолдау орталықтарының жұмысы оңтайландырылып, мобильді топтар құрылды. Сондай-ақ, агрессорларға психологиялық түзету шаралары енгізілді.

Сөз бостандығы мен азаматтық қоғамды дамыту бағытында «Масс медиа туралы» және «Онлайн платформалар туралы» заңдар қабылданып, epetition.kz платформасы іске қосылды. Елде 17 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанның реформалары халықаралық алаңда оң баға алды. Елдің адам құқықтарын қорғау және ашық диалог орнатуға деген ұмтылысы ерекше атап өтілді.