30 сәу, 2021 сағат 19:24

«Қазақстанның 100 жаңа есімі». Жоба жеңімпаздары не дейді?


Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының онлайн форматтағы кездесуі өтті.

Президент жоба жеңімпаздарын құттықтап, олардың өз дарынымен, сондай-ақ білімімен көпшілікті мойындата білгенін, мемлекетімізді өркендетуге айырықша үлес қосып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысы терең білімін озық тәжірибемен ұштастыра білген азаматтардың елімізді алға жетелейтініне сенімді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тәуелсіздік кезеңінде өсіп жетілген буынның қарым-қабілетін жоғары бағалады.

Сөзсіз, олар - біздің халқымыздың мақтаныштары һәм өзге елдер Қазақстанды осы азаматтар арқылы танып, бағалайтыны белгілі.

Осы уақытқа дейін дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына 7,5 мың адам қатысып, еліміз талай талантты, талапты отандастарының атын таныды. 

Олардың арасында тәлім-тәрбиенің жүгін көтерген ұстаз да, ақ халатты абзал жан да, мемлекет атын мәшһүр қылған спортшы да, әйгілі музыкант пен дарынды ақын да, еңбекқор маман иесі мен жан-жақты әдебиетші де, ізденімпаз ғалым мен табысты кәсіпкер де бар.

Осы орайда, Ұлт порталы ел аузында жүрген айтулы жобаның биылғы қатысушыларының кейбірін оқырман қауымға таныстырып, пікірлерін ұсынғанды жөн санайды.



Олардың қатарында ауылдастарына аспалы көпір салып берген Ахат Рақышев бар.

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында ұстаз болып қызмет атқарып жүрген Ахат жеңісімнің де, жобамның да авторы һәм қолдаушысы халық дейді. Ол – мектепте графика және жобалау пәнінен мұғалім.

Үржар ауданының Көктал ауылына салынған көпір - кезінде жапондықтар Семей қаласына салған аспалы көпірдің он есе кіші нұсқасы.

«Ауылымызда Қатынсу деген өзен ағады. Көктемде тасығанда, атты кісі өте алмайды. Су тартылды-ау деген жаздың өзінде мал түгендеуге, шабындықты шөмелелеуге деген секілді жұмыстарға ауыл халқы бара алмай қалады. Балықшылар күзгі суықта суды кешіп өтіп жүретін», - дейді Ахат Рақышев.

Сол кезде көкталдықтар «көпір болса, шіркін» деп армандайтын көрінеді.

«Негізгі мамандығым – мұғалім. Ауылға көпір салу керектігі талайдан бері айтылып жүрген. Осылайша көптің көкейінде жүрген мәселені шешу үшін сыныптастар бірігіп, сол көпірді салып беру идеясы келді. Содан сыныптастарымызбен мектеп бітіргенімізге 20 жыл болғанын ерекше бір іспен есте қалдырсақ деп келістік. 30 жыл бұрынғы түлектер де осы идеяға атсалысты. Көпір құрылысына негізгі қаражатты осы екі топ шығарды. Халық та қолында барымен бөлісті. Ал мен балаларға сызу пәнінен сабақ беретін болғандықтан, көпірдің сызбасын жобалау маған жүктелді» - дейді ұстаз.

Ол алғашында бұл бастама қарапайым мұқтаждықтан туындағанын, осы арқылы танымал болсақ деген ой көздемегендерін айтады.

«Ауылда болғандықтан, құрылыстың басы-қасында үнемі жүруіме тура келді. Сондықтан, «100 жаңа есімге» орталарынан мені шығарған болар. Әу баста бұл іс арқылы әлеуметтік желіні шулатып, танымал болайық деп ойлаған жоқпыз. Жай ғана ауылдың бір мұқтаждығын өтеу керек болды. 

Бұл істе өзіміздің ауылдың әкімі жақсы қолдау білдірді. Қазір көпір ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Енді соның құжатын заңдастырып, қауіпсіз қызмет көрсетуін пысықтап жатырмыз. 

Бұл жобаға атсалысқан әрбір ауылдасым «100 жаңа есім» жеңімпазы атануға лайық. Бұл байқаудағы менің жеңісім – бүкіл ауылымның жеңісі», - дейді Ахат Рақышев.


«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының биылғы жеңімпаздарының арасында жас музыкант Арыстан Әбілдин де бар. 18 жастағы талант иесі әлеуметтік желі арқылы қазақстандық жастар арасында танымал болды.

Ол жазған кавер әлемдік Shazam-ға іліккен еді. Сонымен қатар, Арыстан - атақты рэпер Jah Khalib ұйымдастырған музыкалық байқаудың жеңімпазы.

«Мен музыкамен бала кезімнен айналысамын. Бес жасынан бастап фортепиано мен барабанда ойнай бастадым. Әкем дереу музыка мектебіне берді. Ата-аналарым да музыкант. Сондықтан өмірімді шығармашылықпен байланыстыру заңдылық шығар деп ойлаймын. Алғашқы авторлық әнімді сүйікті қызыма арнаған болатынмын. Оны әлеуметтік желі қолданушылары жоғары бағалап, музыкамен түбегейлі айнлысуыма жігер берді. Бұл мені жаңа шедеврлер жасауға шабыттандырды», - деді жас музыкант ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Қазір Арыстан Әбілдин музыка саласындағы танымал отандық компаниямен келісімшарт аясында жұмыс істеп жүр.

«Жақында әріптестік келісімшарт жасастық. Мен осындай ерекше мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Біздің компания әріптестік орнатқан ресейлік бірлестік Иван Дорн, Зиверт, Филип Киркоров сияқты танымал орындаушылармен жұмыс істейді. Осы мүмкіндікті пайдаланып көптеген жаңа хиттер шығарамыз деп үміттенемін», - дейді музыкант.

Әңгіме барысында ол Jah Khalib ұйымдастырған музыкалық байқаудағы жеңісіне тоқталды.

«Шынымды айтсам, мен жеңемін деп ойлаған жоқ едім. Дауыс беру қорытындысы бойынша ең көп балл жинаппын. Осылайша авторлық конкурста жеңіске жеттім», - дейді Арыстан.

Оның арманы – әлемдік сахналарда ән салып, шығармашылық иесіне айналу. 

«Мен «100 жаңа есім жобасында» жеңімпаздардың арасында болғаныма өте қуаныштымын. Бұл -мен үшін жаңа қадам. Әрине, бұл менің жеке дамуыма әсер етеді және жаңа шығармашылық шыңдарды бағындыруға ықпал етеді», - деп ағынан жарылды Арыстан Әбілдин.


Ал, 23 жастағы Серікжан Қажытайды әдебиетке деген шынайы іңкәрлік пен табандылығы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы еткені анық.

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында әкімдік қызметкері болып жұмыс істейтін Серікжан қолы босағанда әдеби аудармамен айналысады. Оның бұл жолға түсуіне Абайды испан тілінде сөйлеткен атақты ақын Хорхе Падронмен кездесу әсер етіпті. 

«Негізгі мамандығым – қазақ және орыс тілдерінің мұғалімі. Бірақ қазір Үржар аудандық әкімдігінің қоғамдық келісім орталығында жетекші маман болып жұмыс істеймін. Бала кезімнен әдебиетке әуес болдым. Кейін тілге деген қызығушылық пайда болды. Ал әдебиетті жанымның серігі етуге 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Еуразия қаламгерлерінің бірінші форумы ықпал етті. Ол кезде мен Жазушылар одағының елордадағы қалалық филиалында жұмыс істеп жүрген едім. Әлгі форумда Абайды аударған испанның ұлы ақыны Хорхе Падрон мырзамен таныстым. Шала-пұла ағылшыншаммен сөйлескеннің өзінде түсінісіп кеттік. Ол кісінің әр ісінен әдебиетке деген махаббатты, Абайға деген құрметті көрдім. Сол кезде менде ой пайда болды. Қазақтың талантты қаламгерлерін әлемге таныту үшін өз арамыздан тіл білетін, әдебиетке жаны ашитын адам шықпай, төл әдебиетіміздің рухы мен философиясын өзгеге таныту мүмкін емес екенін түсіндім», - дейді әуесқой әдебиетші. 

Арманын орындау үшін талапты жас әуелі тіл үйреніп, ағылшынша білімін жетілдіріпті. 

«Қазірге дейін үйреніп жүрмін десем болады. Бүгінге дейін 7 кітап аудардым. Оның ішінде Кадзуо Исигуроның «Жоғалтып алма сен мені» деген шығармасын аударған кітабым «Фолиант» баспасынан басылып шықты. Қалғандары интернет ресурстарда тұр. Туве Янссонның «Муми-тролль» шығармасы жақсы оқылып жатыр. Әлем халықтарының ертегілерін, Рэй Брэдберидің «Бәстесейік» әңгімелер жинағын аударып шықтым. Алдағы уақытты осының бәрінің басын біріктіріп, үлкен бір кітап етіп шығарсам деп ойлаймын», - дейді аудармашы. 

Жас әдебиетші қазақ тіліне тек шын таланттар ғана аударылу керек деп санайды. 

«Әлемге бейне бір сырттан қарап тұрғандай таныммен жазатын жазушылар болады. Көбіне сондай авторларды тауып аударуға тырысамын. Мысалы, Рэй Брэдберидің әңгімелерінің өзі тұтастай Америка әдебиетін жаңа деңгейге шығарды дер едім. Өйткені оның ізінен үлкен әдеби ағым пайда болды. Сондай адамдарды таңдауға тырысамын.», - дейді «100 жаңа есім» жеңімпазы. 

Оған салса, қазақ әдебиетінің барлық классиктерін әлем тілдеріне аударып шықса да, артық болмас еді. 

«Қазақ әдебиетіндегі классиктердің бәрі әлем кітапханаларында тұруға лайық. Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин сияқты бірнеше тілге аударылғандары бар. Бірақ соның бәрі жаңа бір деңгеймен, жаңа бір талаппен аударлыса деген арман бар. Біріккен ұлттар ұйымының ең танымал тілдеріне ең мықты авторларымызды сапалы етіп аударсақ, бұрынғы аударылғандарын да қайтадан қарап шықсақ деп ойлаймын. Мысалы Сайын Мұратбековтың «Жусан исі» шығармасының аудармасы қазақи танымды, автордың месседжін жеткізе алмағандай болып көрінді. Қазақ авторларын тіл білетін қазақтар аудару керек деп отырғаным осы», - дейді Серікжан. 

Ол айтып отырған Еуразия қаламгерлерінің астанадағы форумында әдеби агенттер арқылы қазақ авторларын әлемге шығару туралы идея алғаш рет айтылған болатын. Сол идеядан шабыт алған Серікжан Қажытай досымен бірге агенттік құрағанын айтады. 

«Ағылшын, испан, француз тілін жақсы білетін қазақтар бар. Солардың басын біріктірсек деген ниетпен Бекзат Рысбекұлы деген досым екеуміз әдеби агенттік құрған болатынбыз. Әзірге заң бойынша тіркеп, құжатын рәсімдеген жоқпыз. Қазір әлемге танымал авторлардың менеджмент пен маркетингті қалай пайдаланғанын зерделеп жатырмыз. Жалпы ұлы классиектерді аударма арқылы қалай танымал етуге болатынын зерттеп жатырмыз. Мамыр айында ол талдауды қорытындылаймыз. Осыдан кейін құжатын пысықтап, инвестор іздейтін шығармыз», - дейді жоба жеңімпазы.


Жоба жеңімпаздарының қатарында «Колос ферма» ЖШС директоры Инна Корнееваны да ерек атап өткен жөн.

Ол мал тұқымын асылдандырумен айналысатын шаруашылық кешенін басқарады. Жұмыстан қолы қалт еткенде меценаттық жобаларымен Қостанай облысындағы Денисов ауданы мен Свердлов ауылдық округінің дамуына үлес қосып жүр. 

«Колос ферма» ЖШС асыл тұқымды абердин-ангус сиырын өсірумен айналысады. 2019-2020 жылдары Эстониядан 330 ірі қара сатып әкелдік. Біз өсімдік шаруашылығымен де айналысамыз. Ұйымның негізін қайын атам Корнеев Александр Анатольевич қалаған болатын. Қазір отбасылық шаруашылықты дамыту менің мойныма көшті. Болашақта ұлым әкесі мен атасының жолын жалғастырады. Кенттегі негізгі жұмыс беруші кәсіпорынбыз, шамамен 125 жұмысшы бар. Біз жаңа технологияларды жасқанбай енгізудің арқасында өркендеп келеміз» - деді Инна Корнеева агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

«100 жаңа есім» жобасына оның кандидатурасын жергілікті әкімдік ұсынған екен. 2019 жылы ауылға стадион салып, спартакиада өткізген еңбегін ескерсе керек. Енді осы турнирді Александр Корнеевті еске алатын дәстүрлі шара етпекші.

«Ауылымызда спортты дамытсам деймін. Сол үшін кішкентай балаларды спортқа баулитын бапкер алғыздық. Ауылда балалар аз. Соған қарамастан, жарты жылдың ішінде аудандық жарыстарда топ жара бастадық. Спортты дамыту арқылы жастардың осында тұрақтап қалғанын көздеп отырмын. Бұл жоба ауылда тұруға болатынын, ауылда даму керектігін көрсетеді деп ойлаймын. Өйткені ауыл –экономиканың маңызды ажырамас бөлігі. Ауыл жойылса, экономикаға қиын болады. Сондықтан мен өз ісіммен ауылда тұруға, дамуға, ой-армандарды жүзеге асыруға болатынын дәлелдеймін», - деді «100 жаңа есім» жеңімпазы.

Бүгінгі кездесуде жобаның әрбір қатысушысына қарата айтқан сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев олардың жетістігі Қазақстан табысының көрінісі екенін, олар өздерінің патриоттық әрекеті арқылы барша қазақстандықтарды ынталандыратынын атап өтті.  

– Сіздердің жетістіктеріңіз кез-келген статистикадан артық. Осынау керемет жоба сіздерді одан әрі дамуға ерекше талпындырып, қоғам мен ел игілігі үшін жаңа идеяларды іске асырудың кең көкжиектерін ашты деп сенемін. Еліміз өзінің дарынды жастарының көптігімен мақтана алады және мақтануға тиіс. Қазақстанның болашағы сіздердей прогрессивті, талантты, патриот жастардың қолында. Сіздер мемлекеттің басқару тізгінін қолға алуға дайын болуларыңыз керек. Ал біз, яғни аға толқын, осы айтқан сөзіміздің шындыққа айналуы үшін барлығын жасаймыз, – деді Президент.