Қазақстан 17 тамыздан бастап 7 елмен халықаралық әуе рейстерін кезең-кезеңімен қайта іске қосады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім еткендей, мұндай шешімді Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 11 тамызда қабылдады.
Оған сәйкес, 17 тамыздан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріне, Беларусь, Германия, Нидерланды, Мысыр, Украина және Ресейге халықаралық рейстер кезең-кезеңімен жаңартылады.
«Министрлік аталған елдердің авиациялық органдарымен бірлесіп тұрақты жолаушылар рейстерін қалпына келтіру мәселесін алдын ала пысықтады. Осылайша, бұл елдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес (термометрия, әлеуметтік дистанция, маска режимі, ПТР тестілеу) Қазақстанмен ұшуды қалпына келтіруді қолдайды.
Сонымен бірге, Ресейге ұшу үшін Ресей тарапынан рұқсат талап етілетінін атап өткен жөн», - деді министрліктен.
Атап өтілгендей, халықаралық бағыттар бойынша рейстердің саны әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім негізінде және әр бағыттағы әуе кемелерінің коммерциялық жүктемесіне байланысты орындалады.
«Рейстер мен билеттерді сату әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес азаматтардың жоғарыда аталған елдермен мемлекеттік шекаралар арқылы өтуіне шектеулер алынып және Қазақстан мен тиісті елдер белгілеген санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілген жағдайда, эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай жүзеге асырылатын болады», - деп нақтылады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен.