16 мам, 2019 сағат 14:43

Қазақстанмен тағдырымыз бір - Қытай Үкіметі

Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн Қазақстан мен Қытайдың іске асырған шараларын атап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазақстан – біздің көршіміз әрі стратегиялық әріптесіміз. Дәл осы жерде Жібек жолының экономикалық белдеуіне арналған бастама көтерілді. Бізді экономикалық мүдде ғана емес, ажырамас тағдыр да жақындастырады. Достығымыздың нәтижесі де айтарлықтай. Біз бірінші болып, шекара мәселесін шешіп, сол шекараның 1780 шақырымын достықтың дәнекеріне айналдырдық", - деді Чжэн XII Астана экономикалық форумының пленарлық отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай бірінші болып мұнай-газ құбырларын тартып, энергетикалық әріптестікті күшейтті. Екі мемлекет жан-жақты ынтымақтастықты жолға қойды. Өнідіріс пен инновациялар саласындағы қарым-қатынастың орны бөлек.

"Бүгінде жалпы құны 27 миллиард доллар 55 бірлескен жоба мақұлданды. Бұдан бөлек, біз бірінші болып Ляньюнган сияқты логистикалық базаны іске қосып, "Қорғас" халықаралық ынтамақтастық орталығын аштық. "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағымыз бар. Осының бәрі тығыз қарым-қатынасты орнатуға мүмкіндік берді. Біздің мақсатымыз бірдей, ал экономикалық көзқарасымыз ұқсас. Даму стратегияларымыз да бірін-бірі толықтырып отырады. Қытай мен Қазақстанның арманын бірге іске асырайық!", - деп атап көрсетті Чжэн.

Қытайдың вице-премьері Қазақстанның ақылды қалалар бастамасын іске асыруға даяр екенін жеткізді. Бұдан бөлек, көрші мемлекет электронды сауда, цифрлық экономика, цифрлық өндіріс, биологиялық технологиялар және баламалы энергия көздері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әзір.