ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тоқталған жайттар мен жүктеген міндеттерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір түсіндіру жұмысы өте маңызды. Еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыруының жаңа жолы басталғалы тұр. Қазақстан қаңтар оқиғасынан кейін әлемнің назарында тұр. Қаңтар оқиғасы бізге үлкен сабақ болды және оның қайталанбауы үшін Үкімет Президент жүктеп отырған шараларды жүзеге асыруы тиіс. Себебі Мемлекет басшысы әр сала бойынша нақты тапсырма беріп отыр. Басты міндет - халықтың жағдайын жақсартып, табысын көтеру. Бұл жолда бізде тәжірибе мен тиісті құралдардың бәрі бар», - деді Болат Нұрғалиев.
Оның айтуынша, ендігі елде болатын өзгеріс пен мемлекеттің қолдауын әрбір қазақстандық сезінуі тиіс.
«Біздің салаға келсек, сыртқы істер министрлігінің басты міндеті - әлем елдерімен достық, ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі жалғастыру, Президент жүктеп отырған тағы бір міндет шетелден ірі инвестицияларды тарту. Қазақстанға тартылған инвестицияның пайдасын халық көруі тиіс. Бізде шетелдік компаниялармен жұмыс істеу тәжірибесі мен методикасы бар. Іске көшетін уақыт келді. Осы орайда айтып өткен жөн, елде болған жаппай тәртіпсіздік инвестиция тартуға кері әсерін тигізбейді. Себебі Қазақстан қашан да шетелдік инвесторлардың қызығушылығын туғызып келеді», - дейді ол.
Сондай-ақ, халықаралық сарапшы Президенттің шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөніндегі тапсырмасына қатысты ойын ортаға салды.
«Бұл - бүкіл құрылымдар бірігіп кірісетін кешенде мәселе. Атап айтқанда, Ұлттық банк, қаржы мониторингі агенттігі, Бас прокуратура және арнайы органдар. Бұл мәселедегі сыртқы істер министрлігінің рөліне келсек, бізде халықаралық қылмысты ашуда елдермен өзара әрекет ету жөніндегі келісім бар. Біз сол келісімнің аясында әрекет ете аламыз. Дегенмен шетелге кеткен заңсыз қаржыны қайтару ұзақ процесс. Өйткені, алдымен шетел асқан қаржыны табу қажет, содан соң оның заңдылығын анықтау керек. Яғни тез арада және оңай шешілетін шаруа емес. Мен бірнеше елде елші болдым, сондықтан бұл процесс қалай жүретіндігімен таныспын. Дегенмен Үкімет шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтаруда жоспар және факті бойынша әрекет етсе, шетелдік серіктестер бізге қолдау білдіреді деген сенімдемін», - деді Нұрғалиев.