Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі 2020 жылдың 1 ақпаны – 1 наурызы аралығында барлық елдерден Қазақстан Республикасына 1 606 851 адам келгенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сонымен қатар ЕАЭО аумағынан 938 309 адам келді. 6 ақпан мен 1 наурыз аралығында ҚХР-дан 32 456 адам келді. Санитарлық дәрігердің қаулысына сай, санаттар бойынша айта кетейін. 1 А санатындағы, яғни 20 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қытайдан келген 315 адам (64-і Қазақстан азаматы, 251 - шетелдік, оның ішінде 248-і Қытай азаматы) қазіргі таңда карантинде жатыр. Иран Ислам Республикасынан осы аралықта 24 адам келген. Оның ішінде қазақстандықтар – 9, қалған 15-і ирандықтар», - деді Қазмедиада өткен баспасөз мәслихатында Диас Ахметшәріп.
Қазіргі уақытта 63 адам лабораториялық тексеруден өтіп, олардан вирус анықталмаған.
«1 Б санатына Қытайдың Гонк-Конг арнайы әкімшілік ауданы, сол сияқты Макао, Тайвань, Жапония және Италия кіреді. Осы 1 Б санаты бойынша үй карантинінде 512 адам жатыр. Оның ішінде 393-і Қазақстан азаматы болса, 119-ы — шетелдіктер, атап айтқанда 50-і Корея, 65-і Италия, 4-еуі Жапония азаматы. ЖРВИ және тұмау белгілерімен 12 адам стационарға жатқызылды. Оның 9-ы Кореядан келген. Италиядан 1 адам және Мальтадан келген 1 адам бар», - деді ол.
Сондай-ақ, Сингапур, Таиланд және Әзербайжан елдерінен 20 ақпан мен 3 наурыз аралығында 1965 адам мониторингіге алынып, алғашқы 14 күндік дәрігердің бақылауына алынған.
«1 адам қашықтық бақылауда. 15 адам лабораториялық тексеруден өтті. Оның 14-і вирус анықталған жоқ. Қалған бір анализ әлі тексерілуде. 1 ақпаннан бастап екінші санат бойынша ЖРВИ және тұмау белгілерімен ауруханаларға 23 адам жатқызылды», - деді ол.