26 қаң, 2021 сағат 16:05

Қазақстанға крематорий құрылысы не үшін қажет болды – Әділет министрлігінің жауабы

Қазақстанға крематорий құрылысы не үшін қажет болды? Бұл сұраққа Әділет министрлігінің сарапшылық жұмысын ұйымдастыру департаменте қарасты Сот сараптамалары орталығының жұмысын бақылау басқармасының басшысы Темірболат Қожамжаров жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пандемияның шарықтау шегі кезінде COVID-19 індетінен көз жұмған азаматтардың саны күрт өсіп кетті. Ауруханалардың патолого-анатомиялық бюросы мен сот-медициналық моргтарға адамдардың денесі көп жеткізіліп, ондағы қызметкерлер жүктемені еңсере алмай жатты. Ал бұл жағдай халықтың ашуын туғызды. Сонымен қатар кісілердің денесін патолого-анатомиялық және сот-медициналық ашу кезінде медициналық маска, костюм, пакет, бинт, шприц секілді қауіпті заттар көбейіп кетті», - деп түсіндірді Темірболат Қожамжаров. 

Оның айтуынша мұндай жағдайда қауіпті заттарды жоюдың бірден бір амалы – арнайы пештерде өртеу. Өлімнің бұрынғыдан көбірек тіркеліп, қауіпті заттардың артуы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында аса қауіпті биологиялық қалдықтарды жоюға арналған жоғары технологиялы пештері бар патолого-анатомиялық бюроларды салуға мәжбүрлеген.

«Қазақстанда өмірден өтіп кеткен шетел азаматтарын жерлеуге қатысты да проблема туындады. 2019 жылы қайтыс болған 50 шетелдік азаматтың денесі тексерілсе (ағзасын ашу арқылы зерттеу), өтіп кеткен жылы 200 азаматты осылай тексеруге тура келді. Шекаралар жабылып, отанына қайтару мүмкін болмағандықтан, олардың туған-туыстары моргтарға жүгініп, кремация жасатуға өтініш білдірді. Патолого-анатомиялық бюролар аса қауіпті вирустан немесе коронавирустан көз жұмған біздің азаматтардың денесін кремациялауды көздемейді. ҚР Денсаулық сақтау министрі 2018 жылғы 18 желтоқсанда бекіткен №40 бұйрығының 239-ережесінің 4-бөлігінде көрсетілгендей, адамның денесі тек туған-туыстарының келісімі бойынша кремацияланады. Кремациядан кейін күлі туыстарына беріледі. Осы мақсатта Әділет министрлігіне жоғары технологиялы пештері бар патолого- анатомиялық бюроларды салу үшін Нұр-Сұлтан қаласына арналып 1 млрд 475 млн теңге, ал Алматы қаласын арналып 1 млрд 744 млн теңге бөлінді», - деп қосты Темірболат Қожамжаров.