Қазақстанға келген шетелдіктердің тең жартысы уақытша тіркеуге тұрмайды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2015 жылдан бастап елімізге келетін шетелдіктердің саны жыл сайын 20 пайызға артып отыр. Тек өткен жылы ғана бізге 5,5 млн шетелдік, негізінен ТМД елдерінің азаматтары келді. Бұл ретте ішкі істер органдарында не бәрі 2,5 млн адам ғана тіркелген, яғни жартысынан да аз», - деді депутат.
Оның айтуынша, мигранттар тарапынан орын алатын құқық бұзушылық деңгейін ескерер болсақ, бұл өзекті мәселе. Өйткені, Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы 3 жылда 330 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көші-қон заңын бұзғаны үшін 36 мыңнан астам адам ел аумағынан шығарылған.
«Шетелдіктерге қатысты 3 506 қылмыстық іс қозғалған. Бұған қоса, қылмыстардың басым бөлігі ұрлық және есірткі қылмысына қатысты. 2,5 мыңнан астам шетелдіктің өзі қылмыстың құрбанына айналды. Көші-қон қызметі тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі проблемасы анық көрініп тұр», - деді Нұрлан Әбдіров.
Депутаттың сөзіне қарағанда, заңсыз көші-қонға қарсы тұрудағы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру керек.
«Өзге де маңызды шаралардың қатарында Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірге өткізу бекеттерінде биометриялық бақылау жүйесін енгізуі, тұлғаны теңдестіруге мүмкіндік беретін төлқұжат-виза және өзге де құжаттардың қорғалуын арттыру есебінен заңсыз көші-қон арналарының ұйымдастырылуына қарсы тұруы, елдің халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, заңсыз мигранттарды депортациялаудың тиімді тетіктерін әзірлеуі қажет», - деді ол.
Айта кетейік, Нұрлан Әбдіров 2017 жылы Қазақстанда қосарланған азаматтығы бар шамамен 600 адам жазаға тартылғанын айтқан болатын.